Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов және Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтаудағы «Ержан Хазірет» мешітінің іргетасын қалады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мешіт 39 шағынауданда заман талабына сай салынады. Мешіт 2 қабаттан тұрады, онда 500 адам бір мезетте құлшылық ете алады. Биіктігі мұнарасымен қоса есептегенде – 19 метр. Мешіт аумағына төселетін қырлы тастар жайнамаз секілді орналастырады. Сонымен қатар 300 көлікке арналған автотұрағы болады.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Серікбай Трұмов игілікті бастамаға сәттілік тілеп, ел мүддесіне бағытталған осы сауапты істің басталуымен құттықтады.
«Бүгін қасиетті жұма күні облыс орталығы Ақтау қаласында жаңадан Алла үйі бой көтеріп, іргетасы қаланып отыр. Жаңа «Ержан Хазірет» мешіті имандылықтың темірқазығына айналып, халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін», - деді аймақ басшысы.
Мешіттің құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жаңа мешіт діни ағартушы ұстаз, ғұлама тұлға Ержан Төлегенұлының атымен аталмақ. Ержан Төлегенұлының аузы дуалы, сананы сілкінтер, ойды оятар, әр қадамы, әр сөзі, әр іс-қимылы өзіне тартып, есімі елге етене таныс, біртуар адам болған. Оның есімі біздің елде ғана емес, Иран, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей сияқты елдерде зор құрметпен аталған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН