Биыл Ақтау қаласында 9 айдың ішінде 71 өрт оқиғасы болған. Соның ішінде 22 оқиға автокөліктің өртенуімен тіркелген. Бұл туралы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
6 қазан күні Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп «Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі» бойынша үгіт насихат жұмыстарын өткізді.
Аталған шара барысында көлік жүргізушілеріне өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жүргізіліп, жадынама таратылды.
«Жалпы өрт автокөліктердің электр желілерінің қысқа тұйықталуы мен электр жабындарын пайдалану кезіндегі өрт қаупінен туындайды, қасақаналықпен өртеу тағы бар. Ал темір жол көліктеріндегі өрт оқиғалары тұрмыстық газбен жанатын құрылғыларды пайдалану және жүк тасымалдау кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан туындап отыр», - дейді Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Мейірбек Исаев.
Оның айтуынша, жанар-жағар май жүретін жүйелері, электр желілері мен жабдықтарында ақаулар болмауы керек. Ауыл шаруашылық техникаларында ұшқын өшіргіш (искрогаситель) орнатылып, мотор бөлімі уақытылы тазартылып тұруы қажет. Сондай-ақ алғашқы өрт сөндіргіш құралы міндетті түрде болуы тиіс.