Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл айтты.
«01.08.2020 жылғы мәліметке сәйкес өңірде ірі қара мал саны – 23830 құрайды. Қой – ешкі – 455 670 бас, жылқы – 91145, түйе – 72 362 басты құрап, көрсеткіш 101,4 % өсті. Төрт түліктің қыстағы азығын толықтай қамтамасыз ету мақсатында облыста 60 000 тонна шөп қажет. Десе де Маңғыстауға арнайы шабындыққа бөлінген жер жоқ. Ірі сояулы мал азығын әр шаруашылық өзіне қарасты ұзақ мерзімге жалға алған жайылым жерінен дайындайды. Егер мұндай жер болмаса, аудан әкімдігінің мемлекеттік қорға алынған жерінен олардың рұқсатымен пішен шауып дайындауға болады», - деді Серік Қалдығұл.
Елде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыста шөп шауып, мал азығын дайындайтын Маңғыстау ауданында 13, Қарақияда 4, Түпқарағанда 1 бригада жасақталған. Жалпы түк шөптің салмағы 20 кг, бағасы 700-900 теңге аралығы. Жоңышқа 1500 тг. Орама шөп салмағы – 300 кг, бағасы 13 000 тг. Аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес облыста қамтылған шөптің көлемі – 10 037 тонна. Өзге өңірден тасымалданып, өз өңірімізде дайындалған жемнің көлемі – 12 506 тоннаны құрайды.
Бұдан бөлек 2019-2020 жылдары кезеңіне облысты қыстаққа мал азығымен толықтай қамтамасыз ету мақсатында, «Каспий» ӘКК» АҚ-на жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың негізінде 500 тонна кебек «Мұса-Нан» ЖШС-де сақтаулы.
«Жергілікті жерден шабылған шөп, мал азығы үшін жеткіліксіз болуына байланысты «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту» бағдарламасымен 1000 тонна кебек сатып алуға 72 млн теңге қаржы қарауға бюджеттік өтінім жолданды. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» субсидиялау қағидасына сәйкес мал азығын субсидиялауды қайта енгізді. Бүгінде шаруашылықтардан мал азығын және өндірілген түйе сүтін субсидиялауға өтінімдер келіп түсуіне байланысты, жергілікті бюджеттен 134 220 мың теңге субсидиялық қаражат бөлу туралы Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынабюджеттік өтінім жолданды», деді С. Қалдығұл.