Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн-брифингте «Nur Otan» партиясы МО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік іріктеу – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі. Жоспарлаған ел тарихындағы бастапқы партиялық сайлау – праймериздің басталатын уақыты да таяу. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау»,- деді «Nur Otan» партиясы МО филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Праймеризге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына Республика аумағында соңғы он жыл ішінде тұрақты тұрып жатқан және жасы жиырма беске толған Қазақстан Республикасының азаматы, ал мәслихат депутатына жасы жиырмаға толған Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Сонымен қатар іріктеуге сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматтары және қатысуға ниет білдірген кандидат «Nur Otan» партиясының мүшесі болуы қажет. Кандидат ұсынылған кезде партияның мүшесі болмауына жол беріледі, бірақ ол праймеризге қатысу үшін тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партияға кіруі тиіс. Ал партияның беделін түсіретін немесе партия мүдделеріне залал келтіретін әрекеттер (әрекетсіздіктер) үшін партия қатарынан шығарылған тұлға праймеризге жіберілмейді.
Партияішілік іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, кандидаттарды ұсыну және тіркеу, кандидаттарды үгітке даярлау, үгіт жұмысы және дауыс беруді өткізу, тізімдерді дайындау.
Кандидаттарды ұсыну партияның интернет-ресурста іріктеу мерзімі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап басталады және республикалық күнтізбелік жоспарға сәйкес өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну бастауыш партия ұжымының атынан немесе өзін өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Кандидаттар бір облыс, қала, аудан шегінде ғана ұсыныла алады. Сондай-ақ кандидаттар праймеризге қатысу үшін құжаттарды аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өзі немесе партияның интернет-ресурсындағы ақпараттық жүйеде ұсынады.
Қажетті құжаттардың тізбесі:
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі немесе құжаттар ақпараттық жүйеде берілген жағдайда, түпнұсқаның сканерленген көшірмесі;
- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама;
- наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан анықтамалар;
- бастауыш партия ұйымы (бастауыш партия ұйымынан ұсынылған кандидаттар үшін) жиналысының хаттамасы;
- партиялық билеттің көшірмесі (бар болған жағдайда).
Кандидат құжаттардың тізбесімен бірге сенім білдірілген адамдардың тізімін ұсынады, оған дауыс беру күніне дейін өзінің өзгерістер енгізу құқығы бар.
Үміткерлерге үгіт жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі - 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін.
7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді. Облыс бойынша жария пікірсайыстар өткізу үшін 40 арнайы орын белгіленді.
Жария пікірсайыстар өткізу:
1. Жария пікірсайыс 3 деңгейде өткізіледі:
- бірінші (базалық) деңгей – праймериз барысында;
- екінші деңгей – партияның аудандық және қалалық филиалдарының конференцияларында;
- үшінші деңгей – партияның облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық филиалдарының конференцияларында.
2. Барлық кандидаттар үшін жария пікірсайыстарға қатысу міндетті болып табылады.
3. Пікірсайыстарды өткізу тілі қатысушылардың қалауы бойынша айқындалады;
4. Пікірсайыстардың жалпы ұзақтығы 90 минуттан аспауы қажет;
5. Жария пікірсайыстар екі раундпен өткізіледі:
- бірінші раундта кандидаттар нақты елді мекендердің проблемаларын шешу бойынша өз көзқарасын таныстырады. Сөз сөйлеу уақытын ұйымдастыру комитеттері айқындайды, бірақ ол 5 минуттан аспауы қажет;
- екінші раундта кандидаттар арасында «сұрақ-жауап» форматында пікірсайыс сессиясы өткізіледі. Кандидат өз оппоненттерінің әрқайсысына кем дегенде бір сұрақ қоя алады. Сұрақты тұжырымдауға 20 секунд беріледі, әрбір қатысушыға жауапқа 3 минутқа дейін беріледі. Модератор залдағы көрермендерге сұрақ қою құқығын бере алады;
6. Сөз сөйлеу кезектілігі әрбір раундта жеребемен айқындалады. Жеребе түрін таңдауды ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады;
7. Пікірсайысқа қатысушылар өзінің сөз сөйлеуіне қатысты сұрақтарына жауап беруге немесе жауап бермеуге құқылы.
1 қазан (00-00) мен 3 қазан (14.00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр.Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Облыс бойынша 50 сайлау учаскелері белгіленді. Кандидаттардың рейтингтері көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.
Бүгінгі күнде Саяси кеңес Бюроларының шешімімен өңірлік және аумақтық ұйымдастыру комитеттерінің құрамдары мен басшылары бекітілді.Өңірлік және аумақтық ұйымдастыру комитеттерінің құрамына филиалдардың қызметкерлері, партия филиалдары Саяси кеңестерінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының басшылары мен бюросының мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері болып табылмайтын «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері кірді. Дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу, оның қорытындыларын айқындау мақсатында өңірлік, аумақтық және учаскелік есеп комиссиялары құрылды.