COVID-19 сырқатынан жазылып шыққандар иммундық плазманы тапсыру арқылы қазіргі науқастардың тез жазылуына көмектесе алады. Бұл туралы «Облыстық қан орталығы» директорының міндетін атқарушы Мукатаева Күләш Лұқпанқызы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, биыл 1 сәуірден 1 шілдеге дейінгі кезеңде COVID-19 пандемиясына байланысты донорлардың қан орталығына келуі күрт азайып кетті. Донорлардың айтуынша, мұның себебі – денсаулығының болмауы немесе сырқат жұқтырған адаммен байланыста болуы.
«Ауырып жатқан адамдардың тез сауығып кетуіне коронавирустан жазылып шыққандардың плазмасын құю көмектеседі. Қандай да болмасын инфекциялық сырқатқа шалдыққан пациенттердің плазмасымен емдеу әдістемесі бұрыннан белгілі және өте тиімді.
Коронавирус сырқатын жеңіп шыққан және өзінің иммундық плазмасымен бөліскісі келетін адамдарды қан орталығына келуге шақырамыз. Плазманы тегін немесе ақылы негізде тапсыруға болады. Медициналық ұйымдарға қанның барлық компоненттері, сонымен қатар осы плазма тек мемлекеттік тапсырыс арқылы беріледі», - дейді «Облыстық қан орталығы» директорының міндетін атқарушы К.Мукатаева.
Қазіргі таңда қан орталығының қызметкерлері COVID-19 сырқатынан жазылып шыққан 300 адаммен сөйлесіп, тек бір ғана реконвалесцент донордан плазма дайындап отыр. Бұл бағыттағы жұмыс (иммундық плазма донорларын іздестіру) әлі де жалғасады.