Бұл жоба аясындағы еріктілер қозғалысы еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын қамтиды. Ал медициналық көмекке мың ерікті қосылмақ. Олар ауыр науқастарға, соның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде көмек көрсете бастайды. Еріктілер салауатты өмір салтын насихаттайды, дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалану принциптерін үйретеді. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы еріктілерді әрқайсысы 300 мың теңгелік 70-ке жуық грантпен ынталандырады.
Жобаның «Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау» атты екінші бағытын Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясының Ақтөбе қаласындағы филиалы жүзеге асырады. Осы қоғамдық бірлестік «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жариялаған грантты жеңіп алған болатын.
«Birgemiz: Saýlyq» жобасының жетекшісі Татьяна Острецова әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда өзінің координаторы анықталғанын, кеңесші-сарапшылар, жаттықтырушылар тағайындалғанын айтты. Жақында жобаның барлық қатысушыларының алғашкы онлайн-кездесуі өтіп, оған жобаның орындаушылары, орталық басшылары мен өңірлік үйлестірушілері қатысты.
- Біздің ауқымды жоспарларымыз бар және біз оларды жүзеге асыруға құлшыныспен кірістік, дейді Татьяна Петровна.
- Жобаның барлық кезеңдері, мақсаттары мен міндеттері туралы қысқаша айтып берейін. Біріншіден, Алматы, Қызылорда және Петропавл қалаларында денсаулық сақтау саласындағы еріктілерді қолдау орталығы құрылады. Олардың міндеті — ерікті болғысы келетіндердің барлығына кеңестер беріп, кездесулер, тренингтер өткізу. Біз әр түрлі тақырыптарда вебинарлар өткіземіз. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы еріктілерді дамыту» немесе «Салауатты өмір салтын насихаттауда және халықты дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалану қағидаттарына тәрбиелеудегі еріктілердің рөлі» тақырыбында. Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрғындар иммундық жүйені нығайту, жадты немесе әр түрлі органдардың қызметін қалпына келтіру үшін дәрумендерді, тағамдық қоспаларды беталды пайдаланатын болып жүр. Бұған дәлелді медицина бойынша кейбір дәрігерлердің сауатсыздығын, дәрі-дәрмектердің шындыққа жанаспайтын агрессивті жарнамасын қосыңыз. Азаматтардың сауатсыздығы кейде аллергиялық реакцияларға, антибиотиктерге тұрақтылық және ағзалардың уытты зақымдануына апарып соқтырып жатыр. Әлбетте, бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда, қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр құрылды, осы нарықты реттейтін бірқатар бұйрықтар шығарылды. Алайда, адамдар дәрілік заттарды тиімсіз пайдаланудың қауіптілігін түсінбесе, жағдайды түзету мүмкін емес. Сондықтан халықтың қалың тобына білімді жеткізе алатын еріктілер тартылады.
Сондай-ақ Острецова «Паллиативті көмекке мұқтаж пациенттерге көмек көрсетуге еріктілердің қатысуы» атты вебинар өтетінін қаперге берді. Оның айтуынша, ауруға уақытша жеңілдік беретін көмек көрсету деңгейі бойынша Дүниежұзілік дегсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылары 2018 жылы зерттеу жүргізген кезде, зерттеу қорытындысы бойынша біздің ел 70 елдің арасында 50-орыннан табылған. 14 мұқтаж адамның тек біреуі жеткілікті түрде ауырсынуды басатын, тиісті күтім және әлеуметтік-психологиялық қолдау алған.
Жоба жетекшісінің сөзіне сенсек, семинар-тренингтер, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу, бейнероликтер, буклеттер, жадынамалар, еріктілік қызметің үздік тәжірибелерінің жинақтарын шығару жоспарланған. Еріктілермен бейресми жағдайдағы кездесулер тұрақты өткізілмек. Жоба барысында, яғни осы жылдың соңына дейін денсаулық сақтау саласының мемлекеттік органдарымен тығыз байланыс сақталады.
- Ал күзге таман біз азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы жергілікті мәселелерді шешудегі жеке күш-жігерін және еріктілердің бастамаларын қолдауға бағытталған шағын гранттар беруге конкурс жариялаймыз, деді Т.Острецова.- Әр грант 300 мың теңге көлемінде. Бұл қаржы еріктілердің бастамаларын жүзеге асыруға, шығын материалдары үшін беріледі. 1000 азамат пен еріктілерді тарту және оларды оқыту жоспарланған.
Белсенді түрде жүзеге асырыла бастаған осынау жобаға маңғыстаулық еріктілер де қосылмақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА