Маңғыстау облыстық аурухана жанындағы провизорлық орталыққа 54 оттегі концентраторы жеткізілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығының басшысы Гүлмира Әйткенқызы өз фейсбук парақшасында жазды , - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда облыста өкпесі қабынған науқастар саны көбейген сайын жасанды тыныс алу құрылғысына сұраныс артқан. Осы ретте облыстағы бірнеше азамат аталған медициналық құрылғыны провизорлық орталыққа тарту етті.
Атап айтсақ, «Қаражанбас» компаниясы 30 оттегі концентраторын сатып алуға демеушілік көрсетті. Сонымен қатар 20 дана құрылғыны Самат Мусабаев, Асылбек Жолдыбаев, Б. Оңдасынов, Ж.Әділбеков, И. Бимырзаев, Н. Күншығаров, С. Мұңалбаев, А. Керелбаев сынды құрылшылар алса, 4 дана оттегі концентраторды «Форте» банктың МОФ директоры Аббат Урисбаев сатып алып берген.
«Енді бұл аппараттар сырқаттанған жанның өмірін сақтап қалуға ықпал етпек. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Ел басына түскен қиын күндері жұмыла жұдырық болып, күрмеулі мәселені шешуге қолдау көрсеткен жомарт жандарға алғыс айтамыз», - дейді Гүлмира Әйткенқызы өз жазбасында.