Маңғыстауда итбалыққа тас лақтырғандар жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған факті бойынша Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы облыстық полиция департаментіне хат жолдаған. Онда жануарды қорлаған адамдарды анықтап, жауапкершіліке тарту жөнінде айтылған.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Қазақстан заңнамасында аң-құсты қорлағандар үшін айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қарастырылған.
«Ертең 8 шілдеде Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының инспекторлары теңіз жағалауында демалып жатқан адамдар арасында түсіндіру жұмысын жүргізеді», - деп атап өтті Сәкен Ділдахмет.
Еске сала кетейік, 6 шілде күні әлеуметтік желіде демалып жатқан адамдар Каспий итбалығына тас лақтырғаны туралы видео пайда болды. Видеода итбалық адамдарға шабуыл жасамай, жағалауға жақындаған. Өкінішке қарай тұрғындар қауіп тудырмайтын аңға жабайылықпен жауап беріп, тас лақтырған болатын.