Бүгін 100-ге жуық маңғыстаулық ерікті «Nur Otan» партиясының төрағасы Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салтанатты шараға облыс әкімі, «Nur Otan» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Серікбай Трұмов қатысты. Аймақ басшысы жас еріктілерге ризашылдығын білдіріп, Елбасы алғысын жеткізді.
«Маңғыстаулық еріктілер дағдарысқа қарсы шараларға белсене араласып, көмекке мұқтаж 6 мыңға жуық отбасыға адрестік көмек көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар республикалық «Birgemiz» қорынан өңірлік «Birgemiz – Mangystau» қорына 979 млн 100 мың теңге бөлінді, 19 582 мұқтаж жанға 5 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда өңірлік «Birgemiz – Mangystau» қорына барлығы 120 650 000 теңге көлемінде қаражат бөлініп, 4 санат бойынша 2 413 адамның тізімі жасақталып жатыр. Күрделі кезеңде атқарып жатқан істеріңізге өңір басшысы ретінде алғыс айта отырып, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Елдің дамуына жастық жігерлеріңізді жұмсап, өз үлестеріңізді қоса беріңіздер», - деді аймақ басшысы Серікбай Өтелгенұлы.
Игі іс жасап, елге жанашыр бола білген еріктілер марапат алғаннан кейін өз алғыстарын аймақ басшысы мен «Nur Otan» партиясының төрағасына айтты. Сондай-ақ жастарды игілікті іс жолында бірге жүруге шақырды.
«Волонтер болып жүргеніме 2 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт ішінде ең үлкен жетістігімнің бірі ретінде Елбасы алғыс хатын алып отырмын. Пандемия кезінде 200-ден астам отбасыға адрестік көмек көрсеттік, ал «Біргеміз білім» жобасы аясында 200 оқушы дайындаған болатынбыз. Осы ретте барша Маңғыстау жастарын ерікті болуға шақырамын», - деді Маңғыстау облыстық волонтерлар корпусының еріктісі Асқар Жолды.
«Nur Otan» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Наурызбек Серікұлының айтуынша, облыста 300-ден астам волонтер бар.
«Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық волонтерлар корпусы өз жұмысын жақсы жүргізіп жатыр. Үш негізді біріктіріп, елге адрестік көмек көрсетіп, ақпараттандырып жатыр. Алдағы уақытта да бірігіп өз жобаларымызды жалғыстыратын боламыз», - деді Наурызбек Серікұлы.
Шара соңында алғысқа бөленген жастар облыс әкімі Серікбай Трұмов және «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Елубай Әбіловпен естелік суретке түсті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН