Мектептердің қызметі қашықтан оқыту режимінде жалғасады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
6 сәуірден бастап облыстағы 150 мектеп (139 күндізгі, 6 кешкі, 5 жекеменшік) қашықтан жұмыс істеп жатқаны белгілі. Өңірдегі 150 826 оқушыға 12 534 мұғалім қашықтан білім беріп жатыр. Тек Маңғыстау ауданы Бекі ауылындағы бастауыш мектебінің 32 оқушысы «ҚазПошта» тасымалымен тапсырма жолдау арқылы сабақ оқып жүр.
Штаттық режимде жұмыс істейтін Қарақия ауданы Аққұдық мектебі ауылға жақын орналасқан Сенек ауылы тұрғындарынан короновирус инфекциясы анықталуына байланысты 4 мамырдан бастап қашықтықтан оқытуға ауыстырылды (23 оқушы, 14 мұғалім).
Бөлімді жиынтық бағалау (БЖБ) оқу жүктемесі 4-11 мамырда аптасына 2 және одан артық сағатты құрайтын оқу пәндері бойынша, ал 11-15 мамырда оқу жүктемесі аптасына 1 сағатты құрайтын оқу пәндері бойынша өткізілді.
18-22 мамыр күндері 1-10 сыныптарда тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ), ал 11-сыныпта бақылау жұмысы өткізіледі.
Биыл 9 және 11-сыныптарға қорытынды аттестация тапсырмайды. Қорытынды аттестация жылдық бағалармен бағаланады.
Биыл 11-сыныпты 206 оқушы «Алтын белгімен» (2019 ж. - 159), 326 оқушы «Үздік аттестатпен» (2019 ж. - 216) бітіреді.
Аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусымда өткізіледі. Бұл мерекенің ерекшелігі салтанатты түрде аттестат беріледі және соңғы қоңырау соғылады. Түлектер әдеттегі мектеп формасымен қатысады. Шара міндетті түрде мектеп қабырғасында, таза ауада өтеді. Тек 11-сынып оқушылары мен ата-аналары қатысады, барлық санитарлық нормалар сақталады.
Сонымен қатар мұғалімдердің жалақылары мен еңбек демалыстарының ақысы уақытылы төленеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиевтың айтуынша, мамыр айына барлығы 4,7 млрд теңге (жалақы 3,9 млрд теңге, еңбек демалысына 750 млн теңге), ал маусым айына 7,1 млрд теңге бюджеттен қарастырылды (жалақы 2,2 млрд теңге, еңбек демалысына 4,9 млрд теңге).