Форт-Шевченкодан Ұлы Отан соғысына шақырылған маңғыстаулық Асқар Аяғановтың ұрпақтары әкелерінің майданда жүргенде басынан өткерген бір оқиғасы туралы айтып берді: кіші лейтенант Асқар Аяғановты қантөгіс ұрыстың бірінде өліге санап, оны қаза болғандар тізіміне енгізген екен, тіпті жерлеген жерін де жазып қойған. Майдандық құжат бойынша ол 1943 жылы кескілескен ұрыста қаза тауып, мәйіті Украин КСР-ы, Сумы облысы, Сумы ауданының Малая Чернетчина деревнясына жерленген.
Кейін бұл мәліметтің қате екені анықталған. Аллаға шүкір, сонау қиыр шеттегі Маңғыстаудан келіп, сұрапыл майданның қақ ортасында жүрген 19-жасар балаң жігіттің көрер жарығы әлі таусылмаған екен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» дегендей, Асқардың маңдайына Жаратушы Иеміз соғыстың ең соңына дейін болып, одан аман-есен ауылға оралып, халық шаруашылығына белсена араласып, білім алып, елдің алғысына бөленіп, абырой-атақты, үбірлі-шүбірлі болуды жазған екен.
Бүгін сол алапат соғыстың Кеңес мемлекетінің жеңісімен аяқталғанына 75-жыл толуына орай, Ұлы жеңіске бір кісідей өз үлесін қосқан, осыдан 45 жыл өмірден озған жерлесіміз Асқар Аяғановты бір сәтке еске алғымыз келіп отыр.
Асқар Аяғанов сонау аласапыран 1924 жылы Маңғыстау жеріндегі Қаратөбе аулында қарапайым шаруа шаңырағында дүниеге келген. Көзін ашқалы көргені – жаңа биліктің қара халыққа жасаған қиянаты, жоқшылық, аштық, тауқімет, қаңырап қалған ел... Бірде-бір ауыз сулы айдыны жоқ, егіні жоқ, тек бір малмен күнелтіп отырған Маңғыстау халқының қолындағы малын тәркілеген соң не болсын? Ол аз болғандай, саяси репрессиялар – парасатты, бетке ұстар ел азаматтарын қамауға алу басталды. Осындай жағдайды көріп өскен сезімтал Асқардың жүрегінің түбінде бір үлкен арман орныққан еді. Ол елінің жарқын болашағы, көрер таңы алда екеніне сенетін. Ал оны жақындату үшін жаңа сипаттағы ілім-білім алу керек екендігін түсініп, жүрегінің бір түкпіріне түйген-ді. Талапты баланы әкесі Шахта мектебіне береді. Оны тәмамдаған балаң жігіт 1941 жылдың мамыр айында Баутиндегі балық зауытына қабылдаушы болып орналасады. Араға бір ай салып «соғыс» деген ащы сөз әлі де болса бейнеттен арыла қоймаған халыққа жығылғанға жұдырық болып тиеді. Арманы аспан таудай бозбалалар соғысқа аттанып кете барды...
Бұл кезде Асқар кәмелет жасына әлі де келе қоймаған еді. Жасын күтпей, әскери комиссариатқа барып, майданға өз еркімен кеткісі келетінін айтады. Сөйтіп он сегізін толтырмаған балаң жігіт Асқар 1942 жылдың тамызында майданға аттанады.
Командалық құрамды дайындайтын жеделдетілген курстан өткен Асқарды кіші лейтенант шенінде қантөгістің қақ ортасы – Украин майданына жөнелтеді. Небір қанды ұрыстарды көрген, талай жаумен жекпе-жекке шыққан ержүрек қазақтың ұрпағы емес пе, 18 жасар Асқар тайсалмастан, «өзекті жанға бір өлім» деген бабалардан қалған ұранмен сұрапыл соғысқа кіріп кетеді. Батыл да ержүрек жауынгерге взвод басқару тапсырылады.
КСРО Қорғаныс министрлігінің сақталған құжаттарынан мынадай сөздерді оқыдық: «1 февраля 1945 года во время ночного боя в населенном пункте Мерцдорф взвод под командованием АЯГАНОВА занял западную окраину Мерцдорфа и действую храбро и смело уничтожил до двадцати немецких солдат и одну огневую точку противника. 5 февраля 1945 года выполняя задачу по изгнанию противника с восточного берега реки ОДЕР в районе ЛИХЕРЕФУРТА в трудных условиях лесистой местности в ночное время преследовал противника, нанеся ему большие потери, тем самым обеспечил выполнение задачи батальоном». Одан соң 780-атқыштар полкінің командирі подполковник Юдин былай деп жазады: «За проявленные мужество и отвагу в боях против немецко-фашистских захватчиков ходатайствую о награждении АЯГАНОВА А. орденом «Красная Звезда».
«Қызыл Жұлдыз» орденіне қоса жауынгер Асқар Аяғанов «За отвагу» («Ержүректілігі үшін») және «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941–1945 гг.» («Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгендігі үшін») медальдерімен марапатталды.
1946 жылы елге аман-есен оралған майдангер бірден еңбекке араласып кетеді. Оның соғыстан кейінгі еңбек жолы «Мангышлакуголь» трестінің кадр бөлімін басқарудан басталды. Бұл қызметті Асқар Аяғанов 1951 жылдың мамыр айына дейін абыроймен атқарды. Осы жылдары отбасылы болды, дүниеге ұрпақтары келді. Ел-жұрт қиын-қыстау замандардың артта қалып, бейбіт өмірдің орын алып жатқанын кәдімгідей сезінді...
1951-1953 жылдары Асқар Аяғанов Маңғыстау машина-трактор станциясы директорының орынбасры қызметін атқарады. Одан кейін партия жұмысына ауысып, 1958 жылға дейін Маңғыстау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс жасайды. Осы кездерде сырттай техникумға оқуға түсіп, білім алады. 1958 жылдың тамызы мен 1960 жылдың наурыз айы ортасында А. АяғановАлматыдағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болады.Елге оралған Асқар 1960 жылдың наурызынан 1962 жылдың сәуіріне дейін КСРО Ауыл шаруашылық министрлігінің Маңғыстау ауданаралық мемлекеттік инспекциясында бас инспектор қызметін атқарады.
Бұл жылдары Маңғыстау халық шаруашылығы тарихында бұрын-соңды болмаған оң өзгерістер басталғандығын бәріміз білеміз. Ежелгі мекен Маңғыстаудың қатпар қойындарынан мұнай мен газдың мол қорлары табылып, кенорындар халық игілігіне игеріле бастады. Халық шаруашылығының шын мәнінде майданына айналған мұнай-газ саласы Асқар Аяғановты қызықтырмай қоймады. Ол түбегейлі мұнай саласына ауысуды жөн көрді. 1962 жылдың сәуір айында Асқар Аяғанов Жетібай мұнай экспедициясының ағаинженер-экономисті қызметіне келеді. Одан кейінгі жылдары ол сол мекеменің кәсіподағын бақарады. 1969 жылдың наурыз айында Асқар Аяғанов Өзен кенорнына ауысады. Мұнда ол «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігіне қарасты Өзен геологиялық барлау экспедициясының және Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының экономикалық жоспарлау бөлімдерінің бастығы қызметтерін атқарады.
Асқар Аяғанов өмірден 1975 жылы озды. Алла Тағала майдангерге елу жыл өмір жазған екен. Пендешілікпен кейде бұйырмыс өмірді аз көріп, «орындалмаған армандары қалып еді» деп айтып қалып жатамыз. Аллаға шүкір, жарты ғасыр өмірінде Асқар ағамыз ер-азаматтың мойнындағы парыз-міндеттерді толығымен орындап шықты: ел басына күн туған кезде, сын сағатта елін-жерін ержүректілікпен қорғай білді, бейбіт өмірде халық игілігіне өз еңбегін, өз үлесін қоса білді, өмірге әкелген ұрпағын саналы да білімді етіп тәрбиелей білді, зиялы, қарапайым, сыпайы болып өмірден өтті... Сонау балаң кезіндегі «елім мен жерім бай-қуатты болса екен» деген арзу-армандары да орындалды... Бұл дүниедегі адам мұраты осы емес пе?
Тойған ТАСҚЫНБАЕВА