©
Киелі Құрбан айтта жаны жайсаң, жүрегі жылы жандар сауапты істі жүзеге асырды. Немере сүйіп, бала-шағасының қызығын көрудің орнына «Қарттар үйін» қара шаңыраққа айналдырған, жалғыз қалған қазыналы қарияларымызға қайырымды жастар үлкен той жасап, шат-шадыман мейрам сыйлады.
Берекелі шаңырақтың діңгегі – ардақты аталар мен аяулы әжелер. Олардың даналығы, сүйіспеншілігі, мейірімі – алтынға бергісіз құндылығымыз, қазынамыз. Қазақ халқы ақ сақалды, ақ жаулықты қарттарды құрмет тұтып, төрден түсірмей, ардақтап отырған, алдында бас иген. Бүгінде осы игі дәстүрді жалғаған жастар аз емес. Жандары жақсылыққа жақын олар тізе қосып, «Қайырымды жандар» еріктілер тобын құрды. Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы құрылған бұл топтың бастамашысы, авторы – алматылық ару Айдын Тоқсанбаева. Ол ғаламтор арқылы танылған, әлемнің алпауыт елдерін аралаған саяхатшы әже Лена Тоқсанбаеваның немересі. Әжесінің алтын тәрбиесін бойына сіңіріп өскен ол отбасының жан жылуынан, немерелерінің қызығынан тыс қалған, жалғызбасты, жүректері мұңды, көңілдері қаяулы қарияларға қуаныш сыйлауды мақсат етті. Өзі секілді қайырымды жастар жинап, ілкімді істі бастап, аталған қалаларда 100 ата-әжеге ақ дастархан жайып, көңілдерін мәре-сәре етті.
Мұндай жарқын жобаны жүзеге асырып, мейірімділікті ту еткен қайырымдылық топ Маңғыстау жастарының да басын қосты. Бұл нұрлы да мейірімді той төріне Ақтаудың қариялары да көтерілді. 30-ға жуық қайырымды жан кештің көңілді де ерекше өтуіне белсенді атсалысып, қарияларға гүл шоқтарын сыйлап, азық-түлік тарту етіп, би билетіп, ыстық ықыластарын көрсетті. Жергілікті өнерпаздар өнерін ортаға салып, ата-әжелер көңілін серпілтті.
- Жастардың қарияларға дастархан жайып, көңілді кеш ұйымдастыруы – құптарлық іс, керемет бастама. Олар тек ас беріп қана қоймайды, бұл той арқылы басқа да жастарға үлгі-өнеге болады. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білген абзал. Кіші ұрпақтың қарияларға қарап, бой түзеуі, құрметін, сыйластығын білдіруі – жақсылықтың нышаны. Қасиетті мейрамда қайырымдылық жасаған жандарға ризашылығым зор, - деді «Әл-Фатима» қоғамдық қорының төрайымы Күнзила Әмин.
Қарттардың көңілін өсірген түрлі ойындар ойналып, қызықты билер биленді. Аталар мен әжелер жастарға қарап сүйсінсе, жастар жағы үлкендерге құрметпен қарады. Бір-біріне ағытқан ризашылықтары риясыз, алғыстары шексіз болды.
«Қарттар үйін» мекен еткеніне 2 жыл болған Сағындық ата да қайырымды кештің құрметті қонағы болғанына дән риза.
- Ағайын-туысым жоқтығынан, барар жерім, басар тауым болмаған соң «Қарттар үйінде» тұруға тура келді. Бұрын «Қамысбай ата» зиратында шырақшы болдым. Қиыншылықтарға көп кезіктім, зейнеткерлікке шыққан соң таныстарымның кеңесі бойынша қарттар үйін паналай бастадым. Өзім секілді адамдар арасында болсаң да, отбасындай болмайды ғой! Осы тойға билет әкелгенде, қатты қуандым. Кешті тағатсыздана күттім. Құрбан айт мерекесінде қайырымды жандардың бізге арнайы дастархан жайып, той жасағанына риза болдым. Көппен бірге болып, той тойлап, көңіл көтергенге не жетсін?! Бұл нағыз құрмет! Ілтипат көрсетіп, сый-сыяпаттар жасап жатқанға жүрегім шаттыққа толды. Осылай бір-бірімізге әрдайым жақсылық жасасақ, өміріміз, әлеміміз көркейе түсері даусыз. Бізді ұмытпай, құрмет көрсеткеніңізге, ұмытылмас кеш ұйымдастырғаныңызға рахмет! - деп ақтарыла сөйледі Сағындық Рахбанов.
Мерекелік кештен бөлек қайырымды жандар қыркүйекте туған күнін тойлайтын ата-әжелерге тосын сый жасады. Ортаға еріктілер тобының логотипі салынған торт әкеліп, туған күн иелеріне сыйлық үйлестірді. Ерекше сый-құрметке бөленген ата-әжелер кеш ұйымдастырған барша жандарға ақ батасын берді.
- Бұл қайырымды кеш – барша жаны жақсылардың мақсаты еді. Қазіргі ұрпақтың санасына ата-ананың, ата-әженің қадір-қасиетін мықтап сіңіргіміз келеді. Олардың айтар ақылы, көрсетер тағылымы көп деп ойлаймын. Алдағы уақытта енді ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге шара ұйымдастырғымыз келеді. Бұл әлі жоспарланып жатыр, - деді «Қайырымды жандар» еріктелер тобының мүшесі Нұршат Қалкенбаева.
«Қайырымды жандар» тобының қатары күннен-күнге артуда. Бүгінде оның саны 100-ге таяды. Мұқтаж отбасыларға, қарттар мен балаларға көмек қолын созуға, жақсылық жасауға асыққан жандардың көбеюі көңіл қуантады. «Қарттар үйін» пана еткен, төрт қабырғаға телмірген қарттарға, жылулық күткен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымды жандар ықыласын көрсетіп, сүйіспеншілікке бөлеуге, жәрдем жасауға дайын. Қайырымдылық жасау ешқашан кеш емес. Жақсылық жасаудан жарысайық, ағайын!
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="10109,10119"]