Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы Серікбай Трұмов COVID-19 індеті анықталған Жаңаөзен қаласы мен Сенек ауылына арнайы барып, қазіргі ақуалымен танысты. Блокпосттардың жұмысын арнайы барып көрді. Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласының аумағына 4 блок пост қойылған.
Жаңаөзен-Ақтау;
Жаңаөзен - Түркменбашы;
Жаңаөзен - Қызылсай;
Жаңаөзен - Қарамандыбас. Барлық бекеттерді полиция, медицина, әкімшілік қызметкерлері тәулік бойы бақылауда. Жағдай тұрақты. Індет жұқтырған-11 адам.
Сенектегі блокбекет ауылдан 500 метр жерде орналасқан. Онда да жауапты мекеме қызметкерлері кезекшілік етуде. Осы уақытқа дейін тұрғындардан 242 сынама алынып, КВИ анықталған 9 үйге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, полиция күзеті қойылған. Соңғы мәлімет бойынша ауылда COVID-19 жұқтырған 18 тұрғын.
Облыс әкімі аудан, ауыл әкімдерімен кездесіп әлі де сақтық шараларын қатаңдату керектігін айтып бірқатар тапсырмалар жүктеді. Тұрғындарға той-садақа мен түрлі жиындар жасауға тыйым салуды және оны жіті бақылап отыруды тапсырды. Сондай-ақ, дезинфекциялық шараларды тұрақты жүргізіп, азық-түліктің уақытылы жеткізіліп тұруын ескертті. Ал, карантин ережесінің дұрыс сақталмауына байланысты Қарақия ауданының әкіміне сөгіс жарияланды. Сенек ауылының әкімін қызметінен босату мәселесі қаралуда.