Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің жанындағы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен "Ораза тартуы" жобасы аясында қайырымдылық шарасы болып өтті. Қажы аналардың қолдауымен, Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылының әлеуметтік жағынан аз қамтылған 100 отбасына ұн таратылды. Қазіргідей елдің басына күн туған кезеңді еңсеруде сабырлық пен ауызбіршілік, мейірімділік пен шыдамдылық керек.
⁃ Облыстық Бекет ата мешіті мен "Ұлттық рух" қоғамдық қорының бірігуімен, "Ораза тартуы" қайырымдылық жобасы қолға алынып, оған өңіріміздегі кең пейілді жандар атсалысуда. Пайғамбарымыз "Садақаның ең абзалы- рамазанда берілген садақа" деп, бұл айда сауаптардың еселенетінін айтқан болатын. Ораза құтты, жеріміз тыныш, еліміз есен болғай, дейді ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Облыстық Бекет ата мешітінде әйел-қыздар секторы 2016 жылы құрылған. Басты мақсат-әйел жамағатына діни білім беру, нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін арттырып, белсенділіктерін көтеру. 2020 жылы мешітте алғаш рет "Асыл аналар" әжелер мектебі құрылып, құрамына қажы аналар мен көп балалы әулеттердің отаналары енді. Жас қыз-келіншектерге ұлттық тәрбие мен қазақы құндылықтарды насихаттап, мәдени-қайырымдылық шараларына атсалысады.
- Он екі айдың сұлтаны болған рамазан құтты болсын! Ораза қабыл болсын! Мешіт есіктері жабық болса да, рақымды айдың сауабынан құр қалуға болмайды. Осындай мақсатпен, бірнеше қажы аналар бірігіп, "Ораза тартуы" қайырымдылық жобасына өз үлесімізді қосудамыз. Халқымыз аман, жеріміз тыныш, дініміз берік болғай! Қасиетті рамазанда ең ізгі тілектер орындалып, Маңғыстауымызда береке-бірлік болғай!-дейді әйел-қыздар секторының мүшесі Кәусар Ордабайқызы.
"Ораза тартуы" қайырымдылық жобасының аясында рамазан айының ішінде 2 500 отбасына азық-түлікпен көмек көрсетілмек. Имамдар игі шараны дәстүрге айналдырып, жыл сайын қолға алуды жоспарлап отыр.