Қазір қаңқу сөз, жалған ақпаратты кез келген жерден кездестіруге болады. Ал елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері мұндай мысалдар екі есе артты десек артық айтқандық емес шығар. Алайда осынау қиын сәтте халыққа дем беріп, жақсы сөз бен ізгі ниетімен демеп жүрген тамаша жандар да арамызда жоқ емес. Туған жері үшін асқан табандылықпен абыройлы қызмет етіп жүрген Айкүміс Досан апамыз күні кеше фейсбук парақшасында халыққа дем беретін, жығылған рухты көтеретін өзінің жүрекжарды тілегімен бөлісті. Айкүміс Досан - қоғам үшін өнімді еңбек еткен, талай жылдардан бері мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды орындарға отырып ел игілігі үшін жұмыстанған жан, әуесқой сазгер. Оның Түпқараған аудандық мәслихатының депутаты ретіндегі жанкешті қызметін де көпшілік біледі. "Жақсы сөз жан семіртеді" деген қазақ мақалы бар. Сондықтан апамыздың ақжарма тілегі мен ізгі ниетін сіздердің назарларыңызға беруді жөн санап отырмыз.
Құрметті жерлестерім! Амансыздар ма?
Карантинде отырғанымызға айдан асып барады. Біраз нәрсені ой - санамыздан өткізіп, ортақ тәртіпке үйреніп қалдық . Карантин кімнің кім, ненің не екенін көрсетті. Бастың да, астың да, бәрінің де қадірін түсініп, мінез - құлқымыз бен әдет - ғұрпымызға , келешек жоспарларымызға жаңаша қарай бастадық. ''Елге індет келді!'' дегенде абдырап қалғанымыз рас. Әртүрлі жағдайлар болды. Біріміз жылдық асымызды жинап, дүкенге жүгірдік. Біріміз маска іздеп кеттік. Кейін бар жағдай оңалғасын, күліп айтып жүреміз ғой.
Абыржымаған жандар да болды. Алдымен дәрігер қауымына ризашылығымызды білдірейік. Медицинамыз дамып келеді дегенмен, дамыған елдердің өзі шыдас бермей жатқанда, алыс ауылдардағы емханалардан бастап, аудандық емдеу орталықтарына дейін әскери тәртіпке көшіп , бір орталыққа бағынып, ем - құралдарын түгендеп, күрес жоспарларын жасап, қатер келуі мүмкін нысандарды нысанаға алып, қауырт іске кірісті. Біздің ауданның әлсіз тұсы - теңіз жағасындағы мекемелер, кемелер ғой , бірден оқшауланды. Жол айрықтарына блокпостар қойғызып, кірген - шыққанның дене қызуына дейін тексере бастады. Қолдағы бар ғимараттарды қайта жоспарлап, індет өршіп кеткен жағдайда адам емдейтін төсек санын көбейтті . Халықты індеттен қорғануға үйретті. Осының бәрі айтуға оңай болғанмен, еркін жүріп, еркін сөйлеп қалған адамның, мекеменің де теке - тіресімен істелді Бірден ''ләббай , тақсыр '' болған жоқ . Жанкешті еңбектің арқасы болар, әзір аманбыз ғой . Осы жерде, ауылдық аудандардағы дәрігерлердің тоқсан пайыздан астамы - әйел азаматтар екенін айтуымыз керек. Бәрінің де бала - шағасы бар . Ешкім сылтау айтқан жоқ, індетпен күрестің ауыр салмағы осы нәзік жандылардың иығына түсті. Белі қайысса да, кейде артық - ауыс әңгімеден жандарына жара түссе де, қайтпады. Әлі солай келе жатыр. Адамның амандығы үшін неге де төзуде .
Екінші бір, қаҺарман топ - мұғалімдер. Білім саласының қызметкерлері. Аурудың тараса - ұстатпай кетуі мүмкін жері балалар ұжымдары. Алыстан оқытудың теориясын іс жүзіне енгізіп, төртінші тоқсанды қобалжымай бастап кетті. Бүкіл Қазақстан нән мектепке айналды. Баланы оқыту мен тәрбиелеудегі мұғалімнің орны айрықшаланды, еңбектерін тегін алып жатпағанын халық түсінді. Бұл жерде де педагогикалық ұжымдардың түгелге жуық әйел азаматтар екенін білесіздер. Ұстаздар еңбегіне ризамыз. Мың алғыс.
''Ырылдассың - қаппассың, менен жақсы таппассың'' деген әңгіме бар ғой . Не десек те, індет кезіндегі санитарлық тәртіп пен жүріс - тұрыс тәртібін Қазақстан әскері мен полициясы болмаса қамтамасыз ете алар ма едік ?! Жол айрықтарындағы күзет, елді мекен ішіндегі патрульдік аралау қызметінде жүрген азаматтарымыздың еңбегі ұшан - теңіз. Үлкен рахмет. Осылардың қай-қайсысын алсақ та, індетті өздері жұқтырып алуы әбден мүмкін мамандар . Өз басын, отбасын қатерге тігіп, ел алдындағы парыздарын өтеп жатыр .Үйде отырып, қызмет жауапкершілігін арқалаған осы мамандар туралы ананы-мынаны айта береміз, Оразаның алдында артық-кем кеткен жерлеріміз үшін кешірім сұрасақ та бөтен емес.
Көбі кетіп, азы қалды. Ендігі жерде тәртіптің талаптарын ешкімнің ескертуінсіз-ақ орындай аламыз ғой. Бас білетін өгізге, ''Өк'' дегеннің өзі - өлім . Біз үшін тер төгіп жатқан азаматтардың еңбегін сыйлайық. Үйде болайық. Ойымызды, тілімізді тазартайық, Оразаға дайындалайық. Жаманшылық шақыратын әңгімелерден аулақ болайық. Алла талабымызды оңғарсын. Бастың амандығын, деннің саулығын тілеймін.
Айкүміс Досан