Ел ішінде жақсылық жасауды әдетке айналдырған азаматтар көп. Олар ешкімнен ешнәрсені талап етпейді. Тек кіршіксіз көңіл мен шынайылық арқылы игі ісін жалғастырудан жайлылық сезінеді. Маңғыстаулық «Арна» отбасылық ансамблінің әншісі Ерболат Ілиясов та себепсіз қуаныш сыйлауға асығатын жанның бірі.
Ол жыл сайын 8 наурыз күні тұрғындарды керек жеріне тегін жеткізіп салатын еді. Алайда бұл жолы Наурыз мерекесі қарсаңында көпшілікті тегін таксимен қуантты.
«Биыл 8 наурыз күні белгілі себептермен тегін такси қызметін атқара алмадым. Сондықтан 22 наурыз мерекесіне орай тұрғындарға қызмет еттім. Тегін такси қызметін пайдаланғандар «Арнаның» әншісі ретінде таныса, кейбіреулер бұл ісімді әзілге айналдырды. Десе де осылай тұрғындарды қуантып жүргеніме 4 жыл болды», - дейді Ерболат Ілиясов.
Мамандығы басқа болса да көлігі арқылы көпшілікке ізгілік сыйлайтын Ерболат бүгінде 5 баланың әкесі, қоғамда белсенді азамат. Оны елдің батасы мен алғысы бақытқа бөлейді. Мейірімділігі арқылы ұл-қыздарына және жастарға үлгі болғанын қалайды.
«Адамға шын көңілмен ақысыз көмектесіп, алғыс алу сезімі мені қуантады», - дейді әнші.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА