Маңғыстау облысында бірінші сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады. Әр сыныпта 15 оқушы оқиды. Егер сыныпта бала саны 15 оқушыдан көп болса, екі топқа бөлініп оқытылады.
Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен өңірлік жедел штаб отырысы өтті. Жиын барысында білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев ата-аналардың өтініштері негізінде 1 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашуды ұсынған болатын. Штаб өкілдерінің шешімімен ата-аналардың сұранысы мен еліміздегі талап-ережелерге сәйкес барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, Маңғыстау облысында бірінші сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады.
А.Сейдалиевтің мәліметінше биыл 141 мектепке 160 630 оқушы келеді деп күтілуде. Ал 1 сыныпқа 19 мың оқушы қабылданған.
"Жаңа оқу жылына дайындық барысында 93 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аққұдық елді мекеніндегі шағын жинақты бір мектеп пен Маңғыстау ауданындағы Бекі елді мекеніндегі шағын жинақты мектептің 53 оқушысы (15 мұғалім) дәстүрлі форматта, ал қалған мектеп оқушылары қашықтан оқиды. Бүгінгі күні 48 мектепте әжетхана, сонымен қатар 91 мектепте бейнебақылау жүйелері орнатылды", деді басқарма басшысы А.Сейдалиев.
Сонымен қатар штаб отырысында аймақтарда індеттің таралуын болдырмауға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуы жөнінде қала, аудан әкімдері баяндама жасады.
Мәліметтерге сәйкес аймақтарда дәрі-дәрмек қоры халық санына қарай толық жеткілікті.