Маңғыстау облысының былтырғы жыл қорытындысы бойынша дәстүрлі «Жас тұлпар – 2023» облыстық жастар премиясы аясында «Шам» жобасы «Жыл белсендісі» атағын жеңіп алған еді. Бұл жоба кітап оқуға баулып ғана қоймай, өңір жастарының қайырымдылық, өнер-мәдениет саласына араласып, әлеуметтік шаралармен айналысуына жол ашып жүр. Mangystaumedia.kz сайты қала жастарының кітап оқуға деген қызығушылығын оятып жүрген жоба жетекшісі Жасұлан Ерланұлымен сұхбаттасқан еді. Оқи отырыңыз, қадірлі оқырман.
- Армысыз, Жасұлан. Әңгімемізді осы «Шам» жобасының қалай құрылғаны жайында бастасақ деп едік...
- Шам ортасы 2021 жылдың 5 маусым күні «Ақтау кітап клубы» болып құрылды. Миссиямыз – елімізді кітап оқитын елге айналдыру болды. Оқырмандар саны алғашқыда аз болды, сол құраммен 1 жыл бойы тек кітап талқылаулар өткізіліп жүрді.
2022 жылы 6 шілдеде «Ақтау кітап клубы» ребрендинг жасап, «Шам дамушы ортасына» айналды. Ортаның жұмысын жүйелі жүргізу үшін ұйымдастырушы топ жұмыс істейді. Қазіргі таңда инстаграм желісінде - 750, телеграм желісінде - 400, жүйелі түрде келіп жүрген 150-ге жуық тұрақты оқырманымыз бар.
- Жоба идеясы сізге қалай келді?
- Данияр Жігітбек (kitapalclub негізін қалаушысы) Ақтауға іс-сапармен келген уақытта Шамның негізін қалаушылардың бірі (қазіргі ұйымдастырушысы) Ақнияз Атакелдіұлымен жұмыс бабымен кездескен болатын. Сол жерде Маңғыстаудағы кітап оқу деңгейі жөнінде сөз қозғалып, неге Ақтаудан «Кітап клубын» ашпасқа деген идея айтылды. Сөйтіп телеграм арнамыз ашылып, оқырмандар тіркеле бастады. Ең алғашқы кездесу 5 маусым күні өтті.
- Жобаның мақсаты қандай?
- Шам жобасының мақсаты – Ақтау қаласындағы интеллигентті жастар ортасын қалыптастыру. Кітап оқу мәдениетін насихаттау арқылы жастардың критикалық ойлау дағдысын және сауатты қазақ жастарының ортасын қалыптастыру. Жастардың басын қосу арқылы еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу.
- Өңір жастарының әдебиетке деген қызығушылығы қай деңгейде?
- Жастардың қызығушылық деңгейі өте жоғары. Жалпы кітап оқитын жастардың саны көп, көбейіп келе жатыр. Бұйырса осы жобамыз арқылы әлі де жастардың кітапқа деген қызығушылықтарын оятып, кітапсүйер оқырмандар санын аттырамыз деген сенімдеміз.
- Талқылайтын кітаптарды қалай тандайсыздар?
- Ай кітабын оқырмандармен бірге таңдаймыз. Әр айда әр түрлі жанрдағы кітаптар оқылады. Жанрға байланысты кітаптар оқырмандарға ұсынылып, сауалнама арқылы таңдалады.
- Былтыр «Шам» жобасында қандай кітаптар талқыланғанын айтып өте аласыз ба?
- 2023 жылы «Шам» әр түрлі жанрдағы кітаптар оқыды. Оның ішінде қазақ әдебиеті, шетел әдебиеті, психология, жеке дамуға қатысты және т.б. кітаптар оқылды. Кітап оқу бір басқа, оқыған дүниеңді талдап, оқу бір басқа.
Әр оқырман өзінің түсінгенімен бөлісу, талдау арқылы кітапты жан-жақты ашуға, астарына үңілуге тырысамыз. Бұл адамның ойлау қабілетін дамытуға өз септігін тигізеді.
Нәтижесін беретін – оқырмандар. Ортаға кітап оқымайтын жандар да қосылып, кітапқа деген қызығушылығы оянып, тұрақты түрде оқып жүрген оқырмандарымыз бар. Сондықтан жұмыс өзін ақтап жатыр деп білеміз.
- Жобада сізден басқа қанша жетекші бар?
- Жоғарыда айтып өткендей, Шамның жұмыстарына 13 адам ұйымдастырушы топта мүшелік етеді.
- Жобанын қаржыландырушысы я құрылтайшысы бар ма?
Ортаның ашылуынан бастап демеушісі болмады, қазір де жоқ. Барлық қаржыландыруды ұйымдастырушы топ өз қалтасынан шығарады. Яғни демеушісі - өзіміз) Бұйырса алдағы уақытта демеушіміз болады деген сенімдеміз.
Қазіргі таңда өткізіліп жүрген іс-шарамызға қарай қолдау көрсетіп жүрген серіктестеріміз бар. Олар Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапхана, «Кітап Ал» дүкені, «Таке Away» кофейнясы. Оларға өз алғысымызды білдіреміз!
- Алдағы уақытқа кандай жоспарларыңыз бар?
- Бұйырса алдағы уақытта ең алдымен Маңғыстау облысындағы басқа қала, ауылдардан «Шамның» филиалдарын ашып, дамушы жастардың ортасын қалыптастыру, кітапсүйер оқырмандар санын арттыру. «Ауылға кітап» жобасы арқылы көптеген ауылдардың кітапханаларын заманауи кітаптармен толықтыру.
- Әдеби кітаптарды талқылаудан бөлек қандай тақырыптарды ортаға
саласыздар?
- Дін, саясат тақырыбынан басқа дамуға қатысты барлық тақырыптарды талқылай береміз.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Ислам Қабылұлы