Еліміздің телерадио хабарларын тарататын ұлттық операторы - «Қазтелерадио» АҚ халыққа жаңа сапалы телевизия ұсынуда. Кәсіпорын ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін «IntelSat-904» шетелдік жерсерігінен «KazSat-3» жерсерігіне көшу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы тақырыпты тарқату мақсатында «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалының директоры Әбдірахман Кенжебаевты сұхбатқа тартқан едік.
- Әбдірахман Тоқтарбайұлы, бүгінде отандық ғарыштық аппаратқа ауысу мәселесі жиі талқыланып, көтерілуде. Жаңа телевизияны енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл ілкімді істің маңыздылығы қандай?
-«OTAU TV» желісі осы уақытқа дейін жалға алынған «IntelSat-904» американдық спутнигі арқылы хабарлар таратқан еді. Бүгінгі күнге дейін оған қыруар қаржы төленіп келді. Бұл ақшаны үнемдеу мақсатында көкке «KazSat-2», одан соң «KazSat-3» ұшырылды. Ағымдағы жылдың ақпан айында соңғы спуник тестілеуден сәтті өтіп, пайдалануға берілді. 15 наурыздан бастап «KazSat-3» жерсерігіне ауысу бойынша жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттік. Бұл іргелі істі қыркүйек айына дейін тәмамдауға үлгеруіміз қажет. Себебі, күз басталысымен жалға алынған шетелдік спутниктің шарты аяқталады, оны үкімет ұзартудан бас тартса, «IntelSat-904» жерсерігі жұмысын тоқтатады. Ал шетелдік жерсерігі өшірілгеннен кейін отандыққа ауысып үлгермеген адамдар телевизия арқылы ақпарат алудан айырылып қалады.
-Бұл өркенді өзгеріс көрермендерге қандай артықшылықтар сыйлайды?
-Бұл алдымен ақпарат қауіпсіздігін және халықты, бизнес пен мемлекеттік органдарды шетелдік компаниялардан тәуелсіз байланыс арналарымен қамтамасыз етеді. Ел экономикасына септігін тигізетін отандық жерсерігі арқасында сандық телевизияның кескіні мен дыбыс сапасы жоғары болып, қосымша электрондық хабарлар бағдарламасы және телегазет секілді сервистер пайда болады. Отандықты таңдау арқылы қазақстандықтар қосымша SD арналарды көру мүмкіндігіне қол жеткізеді. Ал екінші жартыжылдықта ақылы топтаманың пайдаланушылары HD (айқындығы жоғары) арналарын тамашалай алады.
-Қазіргі таңда «OTAU TV» абоненттерінің қаншасы отандық жерсерікке қосылды?
-Маңғыстау облысында екі форматта – сандық жерсеріктік және эфирлік желілері бойынша телеарналарға қосылған абоненттер саны 118 218 құрап отыр. Оның 72 008-і жерсеріктік телеарнаға қосылған. Қазіргі таңда бұл адамдардың 7 мыңға жуығы ғана отандық жерсерікке ауысып алған. Демек Маңғыстауда «KazSat-3» жерсерігіне ауысқан абоненттер саны - 10 пайызды ғана құрайды. Қалған 90 пайызы енді 1 айға жетер-жетпес уақыт ішінде қосылып үлгеруі тиіс. Бұл бағытта орасан жұмыстар жасалуда. Қала-аудандарға барып, жиналыстар өткізіп, егжей-тегжейлі түсіндіріп, үгіт-насихаттау жұмыстарын жүргіздік. 31 мамыр күні облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиеваның төрағалығымен өткен жиналыста да осы түйткілді мәселе бойынша барлық әкімдерге тапсырмалар жүктелді. Олар жұмысқа қызу кіріскен.
- Отандық жерсерікке ауысу үшін кімге хабарласу керек?
- Уақыт тығыздығына байланысты халық көп жерлерде бейнероликтер көрсетіліп, баннерлер ілінген. Өңірлік «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында қалай ауысу туралы мағлұмат беретін күніне 5-рет бейнеролик жіберіледі. БАҚ-та мақалалар көптеп жариялануда. «Қазтелерадио», «Отау тв» сайттарында хабарласу телефондары көрсетілген. Сайт арқылы ауысу жөнінде онлайн-өтініш қалдырса, шеберлер екі-үш күн ішінде мекенжайға барып, көшіру жұмыстарын жасап береді. Республикалық сall-орталығының – 193 нөміріне, жергілікті мекеменің - 30-14-30, 31-43-76, 301-300 нөмірлеріне қоңырау шалуына болады.
Көшіру мәселесі дилерлер және штабтан тыс жөндеу бригадалары арқылы жүзеге асырылады. Бізбен шартқа отырған дилерлер қабылдағыш жабдықты (кабылдағыштарды, антенналарды, конверторларды) жеткізуге, жабдықтың құрастыру мен қайта күйге келтіру жұмыстарын жасайды. Олардың жұмысының ақысы – 2000 теңге. Яғни тұрғын ауысу үшін жасалған жұмысқа ғана төлейді. Және абонент бұл ақшаға отандық жерсерікке ауысып қана қоймай, ақылы топтаманы бір ай бойы көре алады. Бұл - халыққа тартуымыз. Айта кету керек, ақысыз топтама – 50 арнадан жоғары болса, ақылы топтама – 100 арнадан жоғары. Егер тұрғын жөндеу бригаданы шақырмай, өзі ауысуға бел буса да, оған бір ай бойы ақылы топтама көру мүмкіндігі сыйланады. Өзіне, дос-жарандарына, туыс-ағайындарына қосып беріп, бізге ақпарат берсе, біз оларға ақылы топтамаларды қосып береміз.
Сондай-ақ сөз соңымда айтарым, аудан әкімдері қатысуымен өткен жиналыстарда қолынан іс келетін адамдарды осы жұмысқа тарту қажеттігін тілге тиек еттік. Ауыл-аудандарда жұмыссыз жүрген білекті, іскер жастар болса, осы еңселі іске шақырып, үйретуге дайынбыз.
Сұхбат құрған – Ханым ҚУАТ