©
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне сұхбат берді. «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» деп аталған сұхбатта Қ.Тоқаев Президент лауазымындағы Түркістан қаласына жасаған алғашқы сапары туралы әңгімелеген. "Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан - сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер", - деді Қ.Тоқаев өз сұхбатында. Президент өз сұхбатында әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіретінін айтқан. "Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс", - деп атап өтті Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстау қажеттігін айтты. "Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет", - деді ол. Президент сұхбатында бюджеттің жұмсалуы турасында да пікір білдірді. "Бюджет қаржысы экономикалық жағынан маңызды әрі табыс әкелетін салаларға жұмсалуы керек. Барлық шешімдер алдын ала жан-жақты зерттеліп, экономикалық прагматизм тұрғысында қабылданғаны жөн. Бұл қаражаттың тиімді жұмсалуына әсер етеді. Бюджет тапшы кезеңде қыруар қаржының игерілмей қалуына жол берілмеуі керек. Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі бірқатар даму бағдарламаларының табысты жүзеге асуына Ұлттық қор ерекше ықпал етті. Бюджетке кепілдендірілген және мақсатты трансферттерге Ұлттық қордан өте көп қаржы жұмсалды. Ендігі кезекте трансферттер көлемін біртіндеп азайтқан жөн. Қор қаражатын инвестициялау құрылымын жақсарту саясаты сауатты жүргізілуі керек. Ұлттық қордың игілігін көру - болашақ ұрпақтың еншісінде". Әлеуметтік сала, жәрдемақы, көп балалы аналардың жағдайы туралы да өз ойын жеткізді. "Көп балалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек". Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылып отырғанын, бірақ бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін айтты: "Алайда, Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін ұғынуы тиіс. Бөлінген қаржы нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырдым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар өңірлердің экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуы қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің оннан астам түрін көрсетеді. Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен қамтамасыз ету, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3 пайызға жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қолданыстағы бюджет теңдестірілмеген және қайта форматтауды талап етеді. Бюджеттің толығу көздеріне жан-жақты сараптама жүргізілмейді. Екіншіден, бюджеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажетсіз, жөнсіз шығынға жол беріледі. Сонымен қатар халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінгеніміз жөн. Біз бюджетке қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Мысалы, жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек. Масылдық пиғылға да жол бермеуіміз керек. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау - бұл өз бизнесін жүргізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы". Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев "Президент ауысты, ал қазіргі Үкімет осы құрамда қала ма, әлде қандай да бір кадрлық өзгерістер бола ма?" деген көптің көңіліндегі сауалға да өз жауабын айтты. "Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Үкімет жақында ғана жасақталғаны белгілі. Қазір көптеген қауырт жұмыстар бар. Министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Съезд тапсырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады", - деп қорытты Қ.Тоқаев. Сұхбаттың толық мәтінін аталған газеттерден оқыңыз.