Украинада президенттік сайлаудың бірінші кезеңі аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы хаттамалардың 45%-ын өңдеген. Сағат 7:55-тегі жағдай бойынша, сайлаушылардың 30,16% даусын жинаған актер Владимир Зеленский алда келеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты rbc.ua сілтеме жасап. Қазіргі президент Петр Порошенко сайлаушылардың 16,71% даусын жинаған. Ал Юлия Тимошенко 13,09% дауысқа ие болған. Президентікке канидат ретінде тіркелген 44 адамның 5-уі сайлауға түсуден бас тартып, бюллетеньге 39 адамның аты-жөні енгізілген. Талап бойынша жеңіске жету үшін кандидат кем дегенде сайлаушылардың даусының 50% пайызын және 1 дауыс жинауы керек. Кандидаттардың ешқайсысы бұл дауысты жинай алмағандықтан, дауыс беру қайта өткізіледі. Сайлаудың екінші кезеңі 21 сәуірде өтеді деп жоспарланған. Айта кетелік, Украинада 199 сайлау округі мен 1 шетелдік сайлау округі ұйымдастырылған. Сайлаушылардың жалпы саны - шамамен 29,7 млн адам. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, сайлаушылардың 63,52% келіп дауыс берген.