Жиын барысында Мемлекет басшысы және ресми делегация мүшелері жаңа жағдайға байланысты келешекте атқарылатын өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін және Кеңес отырысын өткізуге жақсы жағдай жасағаны үшін алғыс айтып, саммит жұмысына толық құқылы мүше ретінде бірінші рет қатысып отырған Үндістан мен Пәкістан тараптарына ілтипат білдірді.
– Үндістан мен Пәкістан Астана саммиті барысында ұйымға мүше болғаннан кейін, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірлік және халықаралық саясаттың ықпалды қатысушысы ретінде өзінің рөлін едәуір нығайтты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Ұйымның бүкіл кеңістігінде саяси диалог пен сенімді нығайтудың, қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз етудің кепілі саналатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге арналған тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі шартын дәйекті жүзеге асырудың маңызды екенін айтты.
– Елдеріміздің үш миллиардтық адами әлеуетінің жиынтық күшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық ынтымақтастығын жандандыру үшін пайдалану керек. Елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды екі жақты деңгейден көп жақты деңгейге көшіруді қамтамасыз ету маңызды болып саналады. Біз Ұйым аясында жобаларды қаржыландырудың бірлескен тетіктерін қалыптастыруға және технологиялық ресурстарды жұмылдыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бірлескен заманауи өндірісті дамыту үшін және электронды сауданы кеңейту үшін ортақ платформа құру мақсатымен цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу жөніндегі алаң қалыптастыру идеясын талқылауға ұсынды.
Қазақстан Президенті сапалы экономикалық өсім үшін инфрақұрылымдық «мегажобаларды» жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жобалар мультьпликативтік әсердің қуаттылығын қамтамасыз етуге және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ғылыми, қаржылық және адами әлеуетін жұмылдыруға мүмкіндік беруге тиіс.
– «Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин» бағыты бойынша Еуразия жоғары жылдамдықпен жүретін темір жол магистралін жүзеге асыру осындай жоба бола алады. Бұл жобалардың іске асуы Шанхай ынтымақтастық ұйымы – Еуразиялық экономикалық одақ ықпалдастығының перспективалық форматын, ал болашақта Еуропа одағымен де ынтымақтастықты қамтиды деп үміттенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының үздік моделдерін негізге алған «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастағанын және оның Қазақстанның экономикасы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына қарасты барлық елдердің қаржы жүйесінің дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің мәдени-гуманитарлық және ғылыми ықпалдастығы аясында былтыр Бейжіңде өзі айтқан Жібек жолы халықаралық ғылым академиясы бастамасын жүзеге асыру мәселесіне ерекше тоқталды.
– Бүгінде шамамен 30 елдің ғылыми мекемелерінің өкілдері осы Академияны құру жөніндегі құрылтайшылық құжатқа қол қойды және «Бір белдеу, бір жол» жобасына ғылыми-сарапшылық қолдау жасауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның конфессияаралық келісім саласындағы мол тәжірибесіне және оның мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткізіліп келе жатқанын айтты және жиынға қатысып отырған елдердің өкілдерін биылғы 10-11 қазанда «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» ұранымен өтетін VI съезд жұмысына қатысуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әрдайым жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салып келе жатқанына басқосуға қатысушылардың назарын аударды.
– Қазақстан Ауғанстанның экономикалық тұрғыдан орнықты және қауіпсіз дамуын қолдайды. Осыған орай біз көп жылдан бері Кабулға қаржылай көмек беріп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі Астана процесі қысқа мерзім ішінде осы елде бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы тиімді тетік ретінде танылғанын айтты.
– Қазақстан Корей түбегінің ядросыз мәртебесіне тек бейбіт жолмен қол жеткізуді жақтайды. Сонымен қатар, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісім жасауды дәйекті түрде қолдап, өз үлесін қосып келеді. Біз Іс-қимылдардың бәрін қамтитын бірлескен жоспардың сақталуын және оның одан әрі мүлтіксіз орындалуын жақтаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге тиімді әрі табысты төрағалық еткені үшін алғыс айтып, Қырғызстанның да осылайша жемісті жұмыс жүргізуіне тілектестік білдірді.
– Ұйымның табысты болуы көбіне біздің үйлесімді әрекеттерімізге, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдарымыздың біркелкілігіне байланысты. Сол арқылы біз қазіргі заманда туындап жатқан кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге дер кезінде жауап беруге кепілдік бере алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Отырыста, сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-Министрі Н.Моди, Қырғыз Республикасының Президенті С.Ш.Жээнбеков, Пәкістан Президенті М.Хусейн, Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Ш.Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.М.Мирзиеев, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жанындағы бақылаушы мемлекеттер делегацияларының басшылары – Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті М.А.Ғани, Беларусь Республикасының Президенті А.Г.Лукашенко, Иран Ислам Республикасының Президенті Х.Рухани, Монғолия Президенті Х.Баттулга және Шанхай ынтымақтастық ұйымының тұрақты органдарының басшылары – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Р.К.Алимов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік антитеррорлық құрылымы атқару комитетінің директоры Е.С.Сысоев, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының бірінші орынбасары А.Мохаммад сөз сөйледі.