Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 95 жыл толды. Осынау мерейтойға орай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Корхан Кюнгерю мен жұбайы Седа Синем Доған Кюнгерю «Ренессанс» қонақ үйінде салтанатты қабылдау кешін өткізді. Түбі бір түрік елінің төл мерекесіне Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық әкімдіктерінің өкілдері, халық қалаулылары, осындағы елшіліктер консулдықтары, Ақтауда тұратын Түркия азаматтары қатысты.
Салтанатты қабылдау Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасының Әнұрандарымен ашылып, Бас консул Корхан Кюнгерю Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Республика күніне орай жолдаған Құттықтау хатының мәтінін оқыды.
«Еліміздің тұрғындары мен шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан отандастарымызды және бізбен бірге бұл мақтан ететін күнімізді бөлісіп отырған барша достарымызды 29 қазан—Республика күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын.
Республикамыздың 95 жылдығы күні Азаттық соғысында біздерді жеңіске жеткізген және жаңа мемлекет құру жолында күрескен Гази Мұстафа Кемал Ататүріктен бастап, барша қаһармандарымызды ризашылық және құрметпен еске аламын.
Бірінші сайланымнан бері бүгінге дейін ұлттық ерік-жігеріміздің өкілдері ретінде біздің елімізді азат ету, дамыту және нығайту үшін күш салып келе жатқан Парламент депутаттарымызға айрықша ықыласымды білдіремін.
Мың жылдық тарихы бар отанымыз Анадолы топырағының әр қарыс жерінде қаны мен маңдай тері қалған бабаларымызға, шейіттерімізге және ардагерлерімізге Алладан рақым тілеймін. Терроризмге қарсы күресте және 15 шілдеде шейіт болған қауіпсіздік күштері мүшелерінің және азаматтарымыздың қасиетті есімдері халқымыздың есінде және мемлекетіміздің тарихында мәңгілікке қалады.
Елімізді заманауи өркениет ошағы дәрежесіне жеткізу үшін жүргізіп жатқан күресімізде дамыған демократия мен мықты экономика жолында әр қадамды—даңқты келешегіміз үшін жағылған бір шамшырақ деп білемін. Бүгін ашылып отырған жаңа Ыстамбұл әуежайы да осы шамшырақтардың бірі.
Селжұқтерден Осман дәуіріне және кейін жас Түркия Республикасына дейін кешкен үлкен тарихи жолымызды, ин ша Алла, 2023 жылғы мақсаттарымызға жету арқылы қуаттай түсіп, 2053 және 2071 жылдарға жоспарлаған шыңдарымызды бағындырамыз.
Малазгирттен бастап өткен бір ғасыр ішінде Чанаккаледе, Құт-әл-Амара, Думлупынар және Кипрде жалғасын тапқан жеңістеріміз, сондай-ақ Сириядағы гуманитарлық көзқарасымызға дейін әрбір қадамымыз—халқымыздың асыл ұстанымының белгісі.
Түркияның әр жетістігі адамзаттың ар-ұят сезіміндегі, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі барлық қаналған және қысымға ұшырағандардың жүрегіндегі үміттерін ақтап, жандандырады және ынталандырады. Осы себепті әлемдегі он жетінші ең дамыған экономика болып табылатын біздің еліміз өзінің ұлттық табысына қатысты гуманитарлық көмек бойынша бірінші орынға ие.
Барша баспана іздеушілерге өздерінің есіктерін және жүректерін жапқанымен, оларға үйі мен жүрегін ашып, гуманитарлық жауапкершілікті дұрыс орындаған жалғыз ел—Түркия. Мұқтаждарға теріс айналмай, керісінше үйі мен нанын бөлісе білген, қандай мәселе болмасын құқық пен әділеттілікке мойынсұнған ел ретінде тарихқа кіру абыройы біз үшін жетерлік дүние.
Бұл ұстанымымыздан ешбір уақыт кері шегінбейбіз, мақсаттарымызға жету жолында ешқандай бөгеттің, ешқандай арам ойынның тосқауыл болуына мүмкіндік бермейміз.
Бүгінде 95 жылдығына жетіп отырған Түркия Республикасының ғұмырын мәңгі ету үшін барлық күшімізбен еңбек етуге бармыз».
Құттықтау сөз сөйлеген Корхан Кюнгерю Түркия мен Қазақстан—ортақ өткен тарихы, мәдениеті мен салты ұқсас, әрі бауырлас елдер екенін атап өтті.
- Елдеріміз арасындағы мәдени, және рухани байланыстар, ынтымақтастығымыздың бекем іргетасын қалайды, - деді ол. - Түркия мен Қазақстанның, екі жақты қатынастары өңірлік деңгейде, стратегиялық маңызға ие. Бұл стратегиялық ынтымақтастықтың бекем іргетасын, ең бастысы, ортақ тарих пен мәдениетімізден келген, ортақ құндылықтар мен бауырластықтан бастау алатын екі жақты сенімнен құралады. Қазақстан мен Түркия президенттерінің ортаға қойған көзқарастары екі елдің де болашақта үлкен жетістіктерге қол жетуіне мүмкіндік берді. Маңғыстау өңірі, өзінің жағрафиялық ерекшелігіне сай, Ақтау теңіз порты, Солтүстік терминалы және толық іске қосылған, Құрық порттары, темір жолдары, сауда-саттық және туризм әлеуеттері Түркия елі үшін ашылған терезе болып табылады. Бас консулдығымыз Қазақстанның батыс өңірлерінің, оның ішінде, Маңғыстау облысының Түркия еліне ұсынған әлеуетін дамыту жөніндегі жұмыстарын жалғастыру үстінде. Орталық Азия өңірінде, Каспий теңізі дәліздерінде жүк тасымалданатын Ақтау және Құрық порттарының түрік жүк тасымалдаушылары үшін маңызы зор. Болашақта Каспий теңізінен өтетін «орталық дәліз» бағытындағы, шығыс-батыс бағытындағы тек сауда-саттық, инвестициялар ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік, және мәдени салаларда да одан әрі дами түсуі күтілуде. Орталық Азия өңірінде жүк тасымалдаудағы Каспий теңізінің дәліздері біздің ортақ стратегиямыз әрі пайымдауымыз болып қала береді. Облыс әкімдігі және порт басшылығымен бірге бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз бен диалогымыз жалғаса беретін болады. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз күн сайын қарқынды дамуда. Қазақстанның инвестияциялар ұлттық агенттігі (Қазақ Инвест) тарапынан, инвестицияларды тартуда ұсынылатын жағдайларды танытулардағы инвесторлардың қызығушылығы күн сайын артқанын көріп отырмыз. Маңғыстау облысының басшылары елімізге екіжақты іскерлік сапар жасау арқылы кәсіпорындар мен инвестиция тартуда ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға үлес қосар еді. Ортақ өткенімізді және құндылықтарымызды күшейтуге мұрындық болатын сала мәдени байланыстарымыз болып табылады. Ағымдағы жылдың наурыз айының соңғы аптасында Ақтау қаласында атап өтілген Наурыз мейрамына қазақ киіз үйін тігіп, Бас консулдығымыз да осы мәдени шараға қатысып, ат салысты. 1750-1813 жылдарда өмір сүрген, Маңғыстауда жерасты мешіттері мен күмбездер салған әулие Пір Бекет атаның ұрпақтары және Маңғыстаудың үлкен батагөй Лепес қажы бастаған ақсақалдары киіз үйімізде қадірлі қонағымыз болғандығын қуанышпен айтқымыз келеді. 23 сәуір Ұлттық егемендік және балалар күні мерекесін облыстық балалар ауылында атап өттік. Сонымен қатар 2018 жылғы 31 мамыр-2 маусым күндері Ақтау қаласында өткен Маңғыстаудың ерекше қамқордағы балалар мен жасөспірімдердің халықаралық фестивалінде Измир қаласының аутизммен ауыратын балалардың орекстрі мен хоры, және Балықесир қаласының «Engelleri Aş», «Ritme Ulaş» атты топтары мәдени шараға қатысқан болатын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда «Нұр Капитал» жобасы қалай іске асып жатыр?Құрметті президентіміздің 29 қазан Республика күніне құттықтау жолдауында айтқандай, бүгін әлемнің ең ірі он жетінші экономикасы болып отырған Түркия 2017 жылы 8 миллиард АҚШ долларының гуманитарлық көмегін көрсетіп, әлем бойынша бірінші орынға шығып отырған ел болып табылады. Түркияның кәсіпкерлік және гуманитарлық салаларын көздеген сыртқы саясаты жөнінде бірнеше ақпарат беруді жөн көріп тұрмын. Әлемдік деңгейде «Бейбітшілік үшін бітістіруші» және «Өркениеттер Альянсы» атты бастамаларымыз әлемнің әр бұрышында гуманитарлық және адамзат дамуындағы көмектеріміз сыртқы саясатымыздың өзіндік кәсіпкерлік және гуманитарлық көзқарасының нәтижесі болып табылады. Құрметті президентіміздің айтқанындай, бүгін Ыстамбұл қаласының жаңа әуежайының ашылу салтанаты өтуде. Мен де осыған орай, Ыстамбұл-Ақтау тіке әуе рейстеріне қатысты ақпаратпен бөліскім келеді. Түркияның «Атласглобал» әуекомпаниясы 2018 жылғы 29 қазаннан бастап Ыстамбұл-Ақтау тіке әуе рейстерін жаңадан бастап отыр. «Атласглобал» әуекомпаниясына «Ақтау қаласына тағы да, қош келдіңіздер!» дегім келеді. Қайтадан жанданып жатқан тіке әуерейстері қазақ достарымызбен бірге экономикалық, гуманитарлық және мәдени қатынастарымыздың күшеюіне тағы да ат салысатындарына сенемін.
Сөз кезегін алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бауырлас халықтың мерейтойына құтты болсын айтты.
- Ағайынды, бауырлас Түркия халқына өркендеу мен гүлденуді тілеймін, - деді облыс басшысы. - Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы Қазақстан мен Түркия мемлекетінің басшылары ынтымақ пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді. Ол біз үшін өте маңызды. Түркия Республикасының әр уақытта көрші елдермен достық қарым-қатынаста болып, экономикалық өркендеуіне ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы да, Қазақстан халқы да әрдайым ықыласты. Түркияның экономикалық белсенділігі Маңғыстау өңірі үшін де едәуір үлесін тигізетіні айдан анық. Сонымен бірге мәдени қарым-қатынасы ерекше маңызды. Екі елдің бөлісіп отырған осы қасиетті құндылықтары қарым-қатынасымыздың негізін құрайды. Осы құндылықтарымызды жоғалтпай бауырлас Түрік елінің құрылуының 95 жылдығын мерекелеу сәтіне шын жүректен ортақпыз. Біздің қарым-қатынасымыз тікелей Маңғыстау облысының көлік потенциалын жетілдіруге арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқасында дами түсті. Құрық паром кешені, Ақтау портын кеңейту сияқты жобалар арқылы Маңғыстау облысы Түркия, Орталық Азия және Қытай арасындағы «терезе» айналмақ. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Маңғыстау облысының Түркиямен сыртқы сауда айналымы 10,6 миллион АҚШ долларына жетті. Өңірімізде түрік капиталы қатысқан 63 біріккен кәсіпорындар тіркелген. Екіжақты қарым-қатынасты жақсарта түсуде Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығының рөлі зор екенін ерекше атап өткім келеді. Екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасы одан әрі нығая түсеріне сенемін. Ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, тегіміз бен қасиетті құндылықтарымыз елдерімізді тығыз байланыстырады. Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ел арасындағы үлгілі қарым-қатынас орнатуы осы құндылықтар негізінде деп есептеймін.
Түрік бауырлар жайған ақ дастархан басында да құттықтаулар мен жылы лебіздер ақтарылып, түп-тамыры бір елдердің туыстығы мен айнымас достығын осынау ұлық мереке арқылы паш етті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64690,64688,64689,64691,64687"]