Ақтауда басталған қазақ күресінен ел чемпионатында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов топ жарды. Аса ауыр салмақта күрескен жерлесіміз турнир барысында барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қара бура» лақап атымен танымал Н.Жарылғапов ел чемпионатында кезекті рет жеңіске жетіп отыр. Еліміздегі аса ауыр салмақтағы балуандар көшін бастап тұрған спортшы биыл «Қазақстан барысы» турнирінде күміс белбеу иегері атанған болатын.
Жеңісті сәттен кейін пікір білдірген балуан бұл жеңісін Бейнеу ауданының 50 жылдығына арнайтынын мәлімдеді.
Еліміздің туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ақтау қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы ел чемпионаты 13-17 қараша аралығында өтіп жатыр.
Бұған дейін mangystaumedia.kz дзюдодан ел чемпионатына қатысып жүлдеге жеткен маңғыстаулық спортшылар туралы жазған болатын. Астанада өтіп жатқан біріншілікте Маңғыстау облысының екі спортшысы 73 және 81 келіде Қазақстан чемпионы атанды. Чемпионаттың жекелей сын бойынша нәтижесінде Маңғыстау облысы жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады.