Қазақ күресінен өткен «Дала қырандары» республикалық турнирінде Маңғыстау облысынан сынға түскен "Қара бура" лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов 100+ салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, екінші жыл қатарынан “Дала қыраны” титулын алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрдаулеттің бапкері Қайрат Бурбасовтың айтуынша спортшы алғашқы белдесулерінде астаналық, түркістандық балуандардан басым түсіп, ақтық сында Павлодар облысының өкілі Мұхтар Дәлелханұлын таза жеңді.
«Дала қырандары» республикалық турниріне жыл бойы рейтингтік жарыстарда жоғары ұпайлар жинаған еңсегей бойлы, қаптағай денелі, рухы өр, тәні бекем 64 балуан қатысты. Олар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақта белдесті.
Турнир қорытындысы төмендегідей:
55 келі - Еркебұлан Қалымбеков (Солтүстік Қазақстан облысы)
60 келі - Ержан Еренқайыпов (Астана қаласы)
66 келі - Әкежан Билалов (Жетісу облысы)
74 келі - Батырхан Қайырбек (Солтүстік Қазақстан облысы)
82 келі - Заңғар Марат (Қарағанды облысы)
90 келі - Еңбек Сақтағанов (Қызылорда облысы)
100 келі - Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қаласы)
+100 келі - Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы).
Ұлттық құндылығымыз – қазақ күресінен «Дала қырандары» республикалық турнирі 17 желтоқсанда Астанадағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Аталмыш турнир 2021 жылдан бері өткізіліп келеді.
Айта кетсек, Нұрдәулет «Қазақстан барысы» турнирінің қола жүлдегері (, 2021ж.), күміс жүлдегері (2022, 2023ж.ж.), ҚР чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Әлем чемпионатының жеңімпазы (Астана, 2022ж.), Азия чемпионатының жеңімпазы (Өзбекстан, 2023 ж.). Жаттықтырушылары Бурбасов Қайрат, Елубай Кенжебай.