© NAIZA MMA
Қазақстандық жетекші NAIZA ММА-лигасы Ақтауда кезекті турнирін өткізеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған жарыс 6 шілде күні “Rixos Water World Aktau”-да сағат 18:00-де басталады.
Халықаралық NAIZA 62 турнирінде елімізге белгілі аралас жекпе-жек шеберлері сынға түспек.
«Ақтауда өте үлкен туристік әлеует бар және біз оқиғалық туризм арқылы осы аймаққа көбірек назар аударғымыз келеді. Біз өзіміз үшін туған қалаға оралуға қуаныштымыз, турнирлерімізді тек жергілікті тұрғындар ғана емес, сонымен қатар Каспий теңізінің жағасында демалып жатқан көптеген туристер де тамашалай алады. Облыстың басқа қалаларын да аралайтын боламыз, өйткені мұнда болашақ чемпион атанып, еліміздің туын әлемдік ареналарда желбірететін жігіттер көп. Мастер-класстар ұйымдастырамыз, батырбол ойнаймыз және әрине, жастар мен Қазақстанның ең танымал жауынгерлері арасында кездесулер өткіземіз», - деді NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала.
Бұл кеште жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық шайқас өтеді. Лига чемпионы Олжас “Аю” Абзалиев (3-0) бразилиялық үміткер Марсио “Гамач” Сантоспен (19-8-1) беттеседі. Бұған дейін NAIZA 57 турнирінде Айболат Мұратұлын мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін, Марсио чемпионды жекпе-жекке шақырды. Олжас торға кіріп, жауынгерлер көз түйістірді.
Ко-мейн ивентте аса жеңіл салмақтың белбеуі үшін жекпе-жек. Ақтөбелік чемпион Дастан Амангелді (7-1, 3 SUB, 2 KO/TKO) бірінші белбеу қорғауын өткізеді. Оның қарсыласы DAR Team командасының жауынгері, жарқын финишер Нұрболат Әбу (9-1, 6 SUB, 2 KO/TKO) болады.
Сондай-ақ, турнирде жұртшылық сүйген жас жауынгер Тимур «Акула» Серікұлы өнер көрсетететін болады.