Маңғыстаулықтар 2024 жылы Париждегі «XVII Жазғы Паралимпиада»ойындарына жолдама алған пара-волейболшыларды әуежайдан қарсы алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Алдаберген Қонарбаевтың айтуынша, бұл жеңіс өзгелерге ерекше бір рух сыйлады.
- Астанада 3-8 шілде аралығында өткен Азия чемпионатында спортшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осындай жігерлі, намысқой азаматтардан өскелең ұрпақ үлгі алуы тиіс. Параволейболшыларды шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта Парижде де озық нәтиже көрсететініне сенімдімін,- деді Алдаберген Қонарбаев.
Ұлттық құрамада кіл мықтылар қатарында бақ сынаған маңғыстаулық Ерболат Алтаев, Бауыржан Уразалиев және жаттықтырушы Құралбек Сеидов сезімімен бөлісті. Құралбек Сеидовтың айтуынша, Қытай командасымен өткен кездесу біршама қиынға соққан.
- Қазақстан құрамасы 6 шілде күні жартылай финалда Қытай елінің құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Оңай болмады. Десе де жеңісті қолдан бермеуге тырыстық. Тәжірибелі ойыншыларды басып оздық. Алайда финалда Иран елінің командасынан жеңіліс таптық. Десе де Париждегі Олимпиада ойындарында қиындықты еңсеріп, жеңіске жетеміз,- деді Құралбек Сеидов.