Маңғыстау ауылындағы төрт спорт алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімдігінің айтуынша, 22 орамдағы алаңға жасанды газон төселіп, қақпалар қойылған. Сондай-ақ, спорт алаңының қираған, жарамсыз қоршаулары қайта қалпына келтіріліп, сырланды. Спорт алаңының жарықшамдары ЛЭД лампаларға ауыстырылды.
- Аталған жұмыстар 1 айдың ішінде аяқталды. Алаңды жөндеуді тұрғындар көптен бері сұраған еді. Биыл бюджеттен қаражат бөлініп, абаттандыру есебінен іске асырылды. Алдағы уақытта тағы да жалғасын табады,-деді ауыл әкімінің орынбасары Нұрбол Орынбасаров.
Осы уақытқа дейін орташа жөндеу туралы аудан, ауыл әкімдеріне шағымданған тұрғындар дән риза.
- Бәрі сынып жатыр еді, балалар, немерелеріміз ойнай алмай жүрген. Жасыл газон төсегеннен кейін, өзіміз көрпеше төсегендейміз. Кешқұрым көршілермен әңгіме-дүкен құруға шығамыз. Қалпына келтіргеніне көп рахмет! Алғысымды айтамын,- деді ауыл тұрғыны Тойташ Меңдібаева.
Сондай-ақ, Маңғыстау ауылына қарасты Ақеспе тұрғын-массивінде ойын алаңы пайдалануға берілді. Сәттіғұл көшесінде орналасқан ойын алаңының құрылысы екі ай бұрын басталған еді. Көлемі 200 шаршы метрді құрайтын алаңда әткеншек, сырғанақ, карусель сияқты жабдықтар орналасқан.