Астана қаласында джиу-джитсу спортынан жасөспірімдер және ересектер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Маңғыстау облысының жас спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау ауданында Ш.Бөлтекұлы атындағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің 5 спортшысы әлем чемпионаты және әлем кубогы сындарында оза шауып, олжа салды.
21-22 тамыз күндері өткен әлем кубогы бәсекесінде шетпелік Мереке Қасымұлы 60 келіде үздік атанды. 13 жастағы жерлесіміз финалдық сында Таиландтан келген қарсыласынан басым түсіп, әлем кубогының алтына қол жеткізді.
Сонымен бірге, Рамазан Есболат 46 келіде қарсылас шақ келтірмей, әлем чемпионатының алтын медаль иеленді. Шетпелік жасөспірім финалда Ресей спортшысын айқын басымдықпен ұтты. Бұдан бөлек, 50 келіде Әдебиет Ерсұлтанов Аустрия спортшысымен қола жүлдені сарапқа салып, 14 жастағы өрен үздік үштікті түйіндеді.
Маңғыстау ауданынан барған тағы екі спортшымыз әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленіп отыр. Олардың арасында Құралай Саматқызы 44 келіде үшінші орынға ие болса, Жарқын Ғабидоллаұлы 46 келіде қола жүлдені қанжығасына байлады.
Маңғыстау ауданындағы спорт мектебінің бапкері Азамат Қайлыбаев ел мерейін асқақтатқан жас өрендерді 2015 жылдан бері жаттықтырып келе жатқанын атады. Аудан орталығындағы Шоқыр Бөлтекұлы есімін иеленген спорт мектебінің жас саңлақтары Астанада ел намысын абыроймен қорғауын білікті бапкері тынымсыз еңбектің жемісі деп отыр.
«Астанада жарыс әлі жалғасып жатыр. Алғашқы күндері әлем кубогында бір оқушымыз табысты өнер көрсетіп, еліміздің әнұранын шырқатты. Ал әлем чемпионатында сынға түскен спортшылармыздың ішінде 4-і жүлде алды. Оның біреуінің әлем чемпионы атануы төккер тердің бекерге кетпегенін көрсетіп отыр. Алда шәкірттеріміз айтулы сында намысты қолдан бермей, өз шеберліктерін айқас алаңында дәлелдейді деген сенімім кәміл», - дейді спорт мектебінің бапкері Азамат Қайлыбаев.