Қарақиялық боксшы Салық Жәдігерхан Бразилия елінің Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы гимназиядаға қатысады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігіне сілтеме жасап.
Жерлесіміз биылғы сәуір айында Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлдегер атанып, жазғы гимназиада ойындарына лицензия жеңіп алды. Енді ол 19-27 тамыз күндері Бразилия елінің Рио-де-Жанейро қаласында өтетін бүкіләлемдік жазғы гимназияда ойындарында Қазақстан Республикасының бокстан жасөспірімдер құрамасының қатарында 60 кг салмақ дәрежесі бойынша ел намысын қорғамақ.
Салық Жәдігерхан - Қарақия ауданы, Құрық ауылының тумасы. Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер, спортпен 7 жасынан айналысады. Республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы.
- Біз үшін бұл жағдай - үлкен жетістік. Шәкіртіміз әлем аренасында ел намысын қорғайтын болады. Биік белесті бағындыруға шын жүректен тілектеспін. Республикалық оқу-жаттығу жиындарына қатысып одан әрі дайындығын шыңдаған бапкерлерге, сенім артқан ата-анасына, қолдау білдіріп демеушілік танытқан ауылдас кәсіпкер ағаларымызға рахметімді айтамын,- дейді Жәдігерханның бапкері Елдос Муыт.
Аталған гимназиада жазғы ойындары 22 спорт түрінен өтеді. Жарысқа әлемнің 48 елінен екі мыңнан астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр.