Маңғыстауда гір көтеру ерекше дамып, спортшылар халықаралық додаларда топ жарып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық Коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысында гір көтеру федерациясы 2015 жылы ашылған. Қазіргі таңда федерацияда 50 спортшы бар. Биыл ақпан және наурыз айларында өткен ҚР чемпионатында 17 маңғыстаулық спортшы чемпион болды. Ал, биыл Маңғыстау облысының чемпионатында 6 спортшы ҚР спорт шеберіне үміткер разрядын орындады. Өңір біріншілігінде Маңғыстау ауданынан 2, Қарақия ауданынан 1, Мұнайлы ауданынан 1, Жаңаөзен қаласынан 1, Ақтау қаласынан 1 спортшы бақ сынаған.
⁃ 2015 жылдан бері 15-тен астам Қазақстан чемпионын тәрбиелеп шығардық. 10 спортшы - Азия чемпионы, 3 спортшы - әлем чемпионы, 3 спортшы әлем жулдегер атанды, сондай-ақ арамызда 3 дүркін Азия чемпионы және 3 дүркін ҚР чемпионы атанған спортшылар бар . Маңғыстау облысы бойынша Құрық ауылында және Шетпе ауданында штаттарымыз бар, ал Ақтау қаласы бойынша ақылы залдарда жаттығып жүрміз. Чемпиондарды тәрбиелеуде бізге қолдау білдірген Маңғыстау облысының спорт және дене шынықтыру басқармасына алғысымды білдіремін, - деді федерацияның аға жаттықтырушысы Нартай Алтыбаев.
Федерация құрамындағы Нартай Алтыбаев, Айдын Ахметов, Бақытжан Советханов спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.
Сондай-ақ биыл мамыр айында Қырғызстан Республикасы, Бішкек каласында өткен Азия чемпионатында маңғыстаулық 12 спортшы жүлдемен оралды. Ал өткен жылы қазан айында Нью-Дели каласында өткен әлем чемпионатында 3 спортшы әлем чемпионы болды.
Былтыр мамыр айында Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Маңғыстау облысының 3 спортшысы әлем жүлдегері атанып, 1 қола 2 күміс жүлдені иеленіп қайтты. Олар: Оразалы Бектемірұлы, Дархан Бүркітбай, Мәлік Ахметов.