Маңғыстау облысының дзюдошылары Асқар Нарқұлов пен Руслан Мұсаев ақпан айында Париж Гранд Слэмінде бақ сынайды. Бұл сын балуандарымыздың биылғы алғашқы ірі жарысы болғалы отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Францияға баратын балауандар арасында Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев та бар. Аталған жарыс Париж Олимпиадасының алдында балуандарға рейтингтік ұпай алуға оң мүмкіндік береді. Olympic.kz сайты Францияға Қазақстан құрамасының 14 балуаны қатысатынын жазды.
Олардың қатарына Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев, Есен Қуанов (66 кг), Асқар Нарқұлов, Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар, Руслан Мұсаев (81 кг), Айдар Арапов, Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Нұрлыхан Шархан, Бекзат Шағатаев (-100 кг), Ғалымжан Қырықбай, Ерасыл Қажыбаев (+ 100 кг) секілді дзюдошылар енген.
Айта кететін жайт, Асқар Нарқұлов пен Руслан Мұсаев соңғы рет 2023 жылдың желтоқсан айында Токио Гранд Слэміне күресіп, сәтсіздікке ұшыраған болатын.