Маңғыстаулық ардагер палуандар 5-11 маусым аралығында өткен Азия біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Астана қаласында өткен чемпионатта самбо спорт шеберлері өзара сынға түсті. Бірнеше күнге созылған жарыста Маңғыстау облысының намысын қорғаған Дүйсенбек Сәндібек 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2 орынды иеленсе, дәл сондай салмақта Бауыржан Есболаев қола жүлдеге қол жеткізді.
«Мамыр айында Абай облысында өткен республикалық чемпионатта Азия чемпионатына жолдама алған болатынмын. Міне енді 45-49 жас аралығындағы самбошылармен сайысқа түстім. Спорт саласында тыңғылықты дайындықтың арқасында ғана биік белестерді бағындыруға болады. Мені қолдаған барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын», - деді Дүйсенбек Сәндібек.
Ардагер палуан Бауыржан Есболаев ендігі қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатына қызу дайындықты бастап кеткенін айтты.
«Спорт саласында жетістікке жету бала күнгі арманым. Сол себепті спортпен үздіксіз шұғылданып келемін . Тағы да бір алға қойған мақсатым жастарға үлгі болу. Өйткені болашақ ұрпақ салауатты өмір салтын ұстану дұрыс бағыт екенін білуі қажет. Енді Әлем чемпионатына дайындық жүргіземіз. Қазақтың рухы биіктеп, әнұранымыз əуелейді деген сенімдемін», - деді Бауыржан Есболаев.
Ерасыл Жәлел