Ақтаулықтар шағын футболдан әуесқойлар арасында «Socca WorldCup» турнирінде жеңімпаз атанған «Атирум» командасын әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Германияның Эссен қаласында 6х6 форматында шағын футболдан «Socca WorldCup» халықаралық турнирі 2-11 маусым күндері аралығында өткен болатын. Аталған әлемдік додада маңғыстаулық «Атриум» командасы үздік шығып, жеңімпаз атанды.
Жерлестеріміз финалдық кездесуде Украина құрамасын жеңіп, ел әнұранын шырқатты.
Әуесқой футбол шеберлері арасында өткен теңбіл доп додасында ақтауықтар бұған дейін республикалық сында үздік шыққан болатын. Осыдан кейін әлемдік жарысқа аттанған олардың турнирдегі жолы оңай болған жоқ.
-Биыл«Socca WorldCup» турнирінде ойнау бақыты «Атриум» командасына бұйырды. Жарысқа барардан бұрын біз оның қаншалықты жауапкершілігін сезіндік. Бұл дода әуесқойлар арасындағы әлем біріншілігі саналады. Торптық кезеңде біздің жігіттер Е-тобында өнер көрсетті. Бұл топта Украина, Египет, Ливия құрамаларымен ойнап, топтан үшінші орынмен шықты. Ойындардың барлығы біз үшін оңай болмады. Ең қиын ойын ретінде Мексикамен өткен доданы атар едік. Себебі ә дегеннен олар 2:0 есебімен алға шығып, басымдыққа ие болған еді. Алайда жігіттер шешуші сәтте есе жібермей, есепті теңестіріп, пенальти сериясында жеңіске жетті, - деді «Атриум» командасының бапкері Асхат Жалғасұлы.
Атриумдықтарды әуежайда жақындары мен команда басшысы, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашев қарсы алды. Өз кезегінде А.Имашев бұл жеңістің күллі қазақ жұрты үшін маңызды екені ерекше атады.
«Құрмет жерлестер, футболшылар! Баршаңызды тарихи жеңіспен шын жүрекпен құттықтаймын. Бұл тек қана «Атриумның» немесе Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл қазақ елінің айтулы жеңісі болды. Тарихты жаңартып, әуесқойлар арасындағы маңғыстаулық команданың әлемдік сынды мықты екенін дәлелдей алды. Соған ат салысқан команда басшылығына және қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, олардың жақындарына алғыс айтамыз», - деді Айбек Имашев.
Осыдан кейін «Атриумды» арнайы автобуспен қала ішінен ту көтерген халық арнайы кортежбен алып өтті. Еуропа төрінде жеңіс туын желбіреткен футбол шеберлерін ұлықтау рәсімі Ақтаудағы амфитеатр алаңында жалғасын тапты.
Айта кететін бір жайт, «SOCCER WORLD CUP» турниріне әлемнің 44 елінен футбол командасы қатысты.