Маңғыстау облысында ерекше спортшылар арасында үстел теннисінен республикалық турнир басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша 180-ге жуық ерекше бала мен жасөспірім әртүрлі спорт түрімен айналысады. Турнирде 8 облыс бойынша (Алматы қаласы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы және Маңғыстау облысынан Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданы) құрама командалардан 73 ерекше спортшы сайысқа түсті. Жарыс туралы «Маңғыстау облыстық ерекше тұлғалардың дене шынықтыру және спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Маңдайлы Жарылғас пікірімен бөлісті.
-Сайысқа түсетін спортшылар республикалық жарыстар барысында іріктеледі. Іріктеу кезеңі облыс әкімдері мен әртүрлі демеушілердің қолдауымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізіледі. Өңірімізде екі рет ерекше балаларға арналған республикалық турнир өткізілді. Атап айтсақ, 2015 жылы юнифайт-баскетболдан және 2017 жылы теннистен өтті. Екі жарыста өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды,- деді Маңдайлы Жарылғасқызы
Турнир 2 күнге созылады. Сондай-ақ, «Қазақстандық Арнайы Олимпиада» ҚБ спорт бағдарламаларын дамыту жөніндегі директоры Томирис Жақсылыққызы қатысушыларға сәттілік тілеп, ойын барысына тоқталды.
-Бүгінгі жарыстың өтуіне Маңғыстау облыстық әкімдігі және үкіметтік емес ұйымдар, Ақтау қаласы әкімдігі айрықша қолдау танытты. Ерік-жігері мол, жеңіске құлшынысы зор спортшылар арасынан оза шапқандар биік мінберден бой көрсетеді. Осындай сайыстар жас буынның бойында жақсы дағдылар мен ізгі қасиеттердің қалыптасуына септігін тигізеді,- деді Томирис Жақсылыққызы.