Бүгін Бішкекте күрес түрлерінен басталатын Олимпиада жолдамасына арналған Азия аймақтың лицензиялық турнирінде маңғыстаулық балуан сынға түседі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жерлесіміз еркін күрестен 65 келіде күреседі. Ол 1/8 финалда алғашқы белдесуін палестиникалық А.Ассафқа қарсы өткізетін болады. Егер жеңіске жетсе, Қытай немесе Пәкістан спортшысымен сынға түсуі мүмкін.
Майс Алиев биыл ақпан айында Қазақстан чемпионатында топ жарған болатын. Осылайша ол лицензиялық турнирге қатысу құқығына ие болды.
Сондай-ақ, еркін күрес құрамасы сапында Ерасыл Мұхтарұлы, Нұрқожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмырзаев сынға түседі. Айта кететін жайт, еркін күрестен Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге Париж Олимпиадасының бір ғана жолдамасы бар. Ол 86 келіде күресетін әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Азамат Дәулетбековке тиесілі.