Астанада бокстан ерлер арасындағы спартакиада турнирі өтетін болды. Аталған сынға Маңғыстау облысының 8 боксшысы қатысады. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов те бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, аталған сында Дарын Құлжабаев (48 кг), Самат Жетібаев (54 кг), Жолдас Жеңісов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Рахат Сейітжан (67 кг), Ағажан Қадыр (71 кг), Бекзат Нұрдәулетов (80 кг), Айболды Дәуренұлы (+92 кг) өңір намысын қорғамақ.
Дүбірлі дода Астанадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде 13-19 қараша аралығында өтеді. Сондай-ақ, елордада ұйымдастырылатын жарысқа әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай бастап, республика бойынша 250-ден астам былғары қолғап шеберлері өзара бәсекеге түсетін көрінеді.
Олимпиадалық жүйе бойынша 13 салмақ дәрежесіндегі сын ұлттық құрамаға спортшыларды іріктейтін болады. Ал финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 19 қарашада анықталады.