Ақтауда қала тұрғындары тегін айына бір рет қатыса алатын қалалық лига ойындары өтуде. Бұл бастаманы «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебінің директоры Раушан Исламғалиева мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Раушан Исламғалиева - 28А шағын аудан 21-ғимаратта орналасқан спорт және өнер мектебінің директоры. Ол үстел теннисімен мектеп кезінен бері айналысып келеді. 2018-2020 жылдар аралығында Маңғыстау облысы бойынша ҚР үстел теннисі федерациясының төрайымының міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.
-Мектеп кезінен бері үстел теннисінен айналысамын. Ол кезде үстел болмаса да, теннисті қабырғаға соғып ойнайтынмын. Басқа салада жұмыс істегенмен, қаладағы үстел теннисін дамытқым келді. «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебін аштым. Қазіргі таңда спорт мектептегі үстел теннисіне 30 спортшы қатысады. Оның ішінде спорт шеберіне үміткер 5 шәкіртім бар. «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебі 4 бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, үстел теннисі, ұлттық би, заманауи және фитнес тобы бар. Қала тұрғындары мен әуесқой теннисшілер арасында үстел теннисінен айына 1 рет тегін Ақтау қалалық лига ойындарын бастадым. Сонымен қатар, қала тұрғындарына арналған бірнеше жеңілдіктер бар. Зейнеткерлер әр жұма, мемлекеттік қызметкерлер әр сәрсенбі күні 17:30-19:30 аралығында мектепке келіп, тегін үстел теннисін ойнай алады, - деді «MUSTAFA-RIM» спорт және өнер мектебінің директоры Раушан Исламғалиева.