Қасиетті Тараз қаласында дзюдо күресінен Б. Ташметовтің жүлдесіне арналған халықаралық турнир тәмамдалып, жеңімпаздар анықталды. Байрақты бәсекеден маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нұрбек Қуанышұлы чемпион атанып, алтыннан алқа тақты.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жарысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Корея, Армения, Белоруссия, Моңғолия мемлекеттерінен келген 500-ден астам спортшы қатысты. Боз кілемнің шаңын қаққан балуандардың арасынан 66 келі салмақта Нұрбек Қуанышұлы үздік танылып, аймақ абыройын асқақтатты.
Оқи отырыңыз: 7292info.kz сайты жаңа атау іздейді
- Нұрбек алдымен алматылық, қарағандылық, алматылық, астаналық балуандарды айқын басымдылықпен жеңіп, боз кілемнің иесі екендігін дәлелдеді. Ақтық мәреге жолдама алу үшін биылғы жылдың жеңімпазы, Әлем біріншілігіне қатысушы шығысқазақстандық балуан Дастан Шаяхметовті «базари» әдісімен жауырынын жер иіскетіп, келесі айналымға жолдама алды. Одан кейін де шымкенттік балуан, дзюдодан ҚР чемпионы Бексұлтан Дүйсеновпен болған белдесуде «базари» әдісімен тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанды. Өте қуаныштымыз. Шәкіртімнің болашағынан үлкен үміт күтемін, - дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.
16 жасар балуан Нұрбек Қуанышұлының болашағына бапкерлері үлкен үмітпен қарайды. Жерлесіміз Түркістан қаласында самбодан өткен Ел біріншілігінде чемпион атанып, бапкерлер үмітін ақтады. Одан бөлек 2016 жылы Якутияда өткен Азия балалар ойындарында және 2017 жылы Тараз қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен ҚР чемпионатында қола жүлдені иеленді.
Венера МИРЛАН