Бүгін Ақтау қаласындағы «Каспий» спорт кешенінде Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі жалауын желбіретті. Дүбірлі додаға Әзірбайжан, Грузия, Түркия мемлекеттері мен Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан барлығы 360 балуан қатысып, бақтарын сынауда. 2001-2003 және 2005-2007 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында өткізіліп жатқан турнирде облыс намысын 150-ден астам балуандар қорғайды. Бұл жайында журналистерге арналған пресс-конференцияда Маңғыстау облыстық самбо күресінің аға бапкері және балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов мәлімдеді.
- Маңғыстау облыстық самбо федерациясының ұйымдастыруымен облыстық әкімдіктің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, өлкедегі азаматтардың қолдауымен бүгін халықаралық турнир басталды. Бұл жарысқа еліміздің барлық аймағы мен Әзірбайжан, Грузия, Түркия мемлекеттерінен жасақталған 15 команда қатысып жатыр. Жарыстан 1, 2, 3 орын алған балуандар «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ алады және алдағы халықаралық турнирлерге жолдама алатын болады. Самбо күресінен «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі облыста алғаш рет ұйымдастырылп отырғанын айта кеткім келеді. Алдағы уақытта да жалғасын табады,-деген Манарбек Бисекенов, облыста самбо күресінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен бірқатар журналистерді арнайы марапаттады.
Шараның ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рушания Елизарова, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық самбо федерациясының президенті Орақ Аяпов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
-Халықаралық деңгейде өткізіліп отырған турнирдің басты мақсаты-көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып, спортшылардың біліктілігін шыңдау. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірде алғаш рет өткізіліп отырған турниге қатысуға ниет білдірген командалардың қатары көп. Бұл бізді, әрине, қуантады. Соңғы жылдары да облысымызда самбо күресі қарқын алып, жақсы дамып келеді. Самбодан облыстың намысын, республикалық, халықаралық жарыстарда, Әлем чемпионаттарында қорғап жүрген спортшыларымыз да баршылық. Мұның барлығы бапкерлердің еселі еңбегі екенін айта кеткім келеді. Сондықтан да бүгінгі жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін. Облыс балуандарын да жеңіс тұғырынан көреміз деген сенімдеміз,-деді облыстық самбо федерациясының президенті Орақ Аяпов.
Жарыстың алғашқы сағатында боз кілемге шығып, 35 келі салмақта белдескен маңғыстаулық балуан Нұрлыбек Сыдықов қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, ақтық сынға жолдама алды.
- Бүгінгі жарыстан топ жарып, жерлестеріме алтын сыйлау басты мақсатым. Ол үшін барымды салып, күресетін боламын. Жыл басталғалы Жыңғылдыда өткен дзюдодан облыстың чемпионатында алтыннан алқа тағып, бапкерлер үмітін ақтаған болатынмын. Сол жеңісімді қайталаймын деген сенемдемін, - дейді 13 жасар балуан Нұрлыбек Сыдықов.
«Ақтау кубогі» сарапқа салынатын бәсекке 1 шағынаудандағы «Каспий» спорт кешінінде 11-13 мамыр аралығында өтеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 13-15 мамыры аралығында дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир ұйымдастырылмақ. Жарысты тамашалау тегін.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ