©
13-14 мамыр күндері 1-шағынаудандағы «Теннис орталығында» Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі өтті. Облыс орталығында осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен және Түркия, Армения, Тәжікстан, Әзірбайжан, Якутия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей мемлекеттерінен келген келген 550 спортшы қатысты.
- Өңірді кең ауқымда мұндай жарыс өткізу арқылы самбо күресінің қарқынды дамуына жағдай жасайтын боламыз. Бүгін самбодан өткізіліп жатқан «Ақтау кубогі» халықаралық турниріне біз күткен барлық командалар келді. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Балуандар үш кілемде белдесіп жатыр. Айта кету керек, өткен жылы ұйымдастырылған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирінде маңғыстаулық балуандар командалық есепте бірінші орынды еншілеп, бапкерлер үмітін ақтап, аймақ абыройын асқақтатты. Бұл жолы да сол үдеден шығады деп сенемін. Дүбірлі додада Маңғыстау облысының намысын 60 спортшымыз қорғайды. Барлығы да бабында тұрған балуандар. Біздің спорт мектебінің самбошыларын белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев пен Ерлан Серіков дайындады,-деді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы әрі жарысты ұйымдастырушы Манарбек Бисекенов.
Жарыстың алғашқы күні боз кілемнің көркін қыздырған 2002-2004 жылы туған балуандардың арасынан 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы («Жас Батыр» спорт мектебі), 42 келі салмақта Данияр Жолболдин (Маңғыстау ауданы), 46 келі салмақта Жандос Абуов («Жас Батыр» спорт мектебі), 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев («Жас Батыр» спорт мектебі), 66 келі салмақта Бексұлтан Тұрақбаев («Жас Батыр» спорт мектебі), 73 келі салмақта Салауат Тоқсанов («Жас Батыр» спорт мектебі), 81 келі салмақта Бейбарыс Бақтыбай (Қарақия ауданы) қарсыластарын ойсырата ұтып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ маңғыстаулық 4 балуанға күміс медаль және 8 самбошыға қола медаль бұйырды.
Білектілер бәсекесі 2005-2007 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында жалғасты. Жарыстың екінші күні 26 келі салмақта Мағжан Аяпбергенов («Жас Батыр» спорт мектебі), 35 келі салмақта Ыбырай Мұрат («Жас Батыр» спорт мектебі), 50 келі салмақта Мейрамбек Алдаберген («Жас Батыр» спорт мектебі) жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медальді қанжығаларына байлады. Одан бөлек маңғыстаулық 5 балуан күміс және 8 балуан қола медальға қол жеткізді. Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында маңғыстаулықтар облыс қоржынына 10 алтын, 9 күміс және 16 қола медальдарды салды.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы