Ақтаудағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің қос балуаны Грузияда жастар арасында дзюдодан өткен турнирде топ жарып, өңірге жүлдемен оралды. 200-ден астам спортшы қатысқан халықаралық додада Бауыржан Нарбаев (55 келі салмақ) алтыннан алқа тақса, Нұрболат Семғалиұлы (60 келі салмақ) қоланы иеленді.
- Бұл жолы біздің спорт мектебінің 20 спортшысы Грузияның Горье қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысып, шеберліктерін шыңдаған болатын. Бұл қалада дзюдо мен самбо күресі жақсы дамыған. Дәл осы Горье қаласынан 7 Олимпиада және 30-дан астам Әлем чемпиондары шыққан. Сондықтан да сол чемпиондардың жеңісті жолдары біздің спортшыларымызға да жұғысты болсын деген ниетпен оқу-жаттығу жиындарын Горьеде өткізгенді жөн санадық. Жалпы жас балуандарымызды шыңдап отыру мақсатында біз әр мемлекетте ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарына жиі қатысып тұрамыз. Бұл жолы он күн бойы спортшыларымыз нағыз майталман мамандардан дәріс алып, біраз тәжірибе жинақтады. Бізбен бірге Грузия, Әзірбайжан мемлекеттерінің спортшылары да жаттыққан болатын. Спортшылар күнде ерте тұрып жаттығу жасап, тауға шығып, шынықты, бос уақыттарында тарихи орындарды аралып, грузиндердің салт-дәстүрімен, тарихымен жақын танысты. Одан бөлек, Грузияда өткен халықаралық турнирге қатысып, екі балуанымыз жеңіс тұғырынан көрінді, - дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Сергей Волобуев.
Айта кету керек, Бауыржан Нарбаев ағымдағы жылы Орал қаласында жастар арасында самбодан өткен Ел біріншілігінде жүлдегер атанып, Азия және Әлем чемпионаттарына жолдама алған болатын.
Венера МИРЛАН