Қапаш мешіті табиғаты ерекше Жыңғылды қапасының құшағында, Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылынан солтүстікке қарай 35 км жерде орналасқан. Мешіттің оңтүстігінде төте бағытта бор төбелі Солтүстік Ақтау жоталары кесіп өтеді. Сайға кірер тұс сап түзеген жарқабақты шыңдардан тұрады. Сайдың түбі - бұралаңдаған, тасты, құрғақ арна. Ол өте сирек түсетін жаңбыр суларына немесе қыста жауған қар көктемде ерігенде жолындағының бәрі жайпап кететін қарғын суына толады. Сайдың аты айтып тұрғандай, мұнда жыңғыл көп өседі. Сайдың құрғақ арнасы солтүстікке қарай төмендеп, борлы таулардың сілеміне қарай жоғалып кетеді. Сайдың солтүстік қанаты жарқабақты келеді, кейде су арнасы төніп тұрған бор құздардың астынан жүреді, ал оң жақ беті қарама-қарсы бетіндегідей жарқабақты емес. Ол бор төбелі, ағашты, кейбір тұстары сайдың арнасына перпендикуляр орналасқан тайыз жыралардан тұрады. Мешіт жазық төбенің бөктерінде, сайдың оң жақ бетінде жатыр. «Халықтың Ресейдің колониясына қарсы көтерілісі өткен қайғылы жетпісінші жылдардан соң ХIХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басы Маңғыстау өңірі үшін тыныш болды. Ауқатты рулар мен ауылдар балаларына араб тілін үйрете бастады, сол кезде мешіттер көптеп салынды. Осындай мешітің бірі - Қапаш Қинақұлы (1876 – 1938) есімді шебер салған мешіт», - дейді Қазақстанға белгілі сәулетші Мақсұт Нұрқабаев. Мешітті бала оқыту үшін Қосбай деген дәулетті кісі салдырған. Маңғыстаудағы сәулет өнерінің үздік туындысы саналатын мешіт құрылысына қиылып кесілген жергілікті жердің ұлу тастарды пайдаланған. Мешіт бірнеше бөлмелі. Шебер мешітті тұрғызу кезінде Кавказға барып мұндай құрылыстардың ерекшелігімен танысып, ғимараттардың үлгі-пошымын пайдаланған деседі. Қапаш мешіті бір-біріне жалғасқан үш залдан тұрады, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған көлемі 16,35 × 7,30 метр болатын тік төртбұрыш пішіндегі, сәл шығыңқы михрабы бар. Мешіт құмайтты әк тас кесектерінен тұрғызылған, мешіттің сырты тегістелген. Мешіттің төбесі бүлінген, бірақ құрылыстың орнына қарап күмбезделіп біткенін айтуға болады. Мешіттің кіре берісі ою-өрнекпен бедерленген. Терең михраб қуысының төрт бұрышты жарық түсетін ойығы бар. Михраб жанындағы кеңістік оған тікелей жанасқан бағанның сәнді өрнегімен көз тартады. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73907,73870,73873"] Мешіт - шығыстан батысқа қарай созылған тік төрт бұрышты құрылыс. Жоспар бойынша мұнда үш бөлме болуы тиіс. Кіре берістегі бірінші бөлмеде бір-бірімен арка арқылы жалғасқан екі бағана бар. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73908,73873"] Ортаңғы залда бір бағана орналасқан, ол үш аркалы ойық арқылы басты бөлмемен қосылған. Ол негізгі оқу бөлмесіне алып барады. Мешіттің батыс қабырғасындағы орын мұғалім сабақ өткізетін орын болуы тиіс. Осы бөлменің төбесі күмбезделіп бітуі тиіс болған. «Бір өкініштісі – мешіт толық аяқталмаған. Бұл кезде ауқатты отбасылар мен діни қызметкерлерге қарсы репрессия басталған еді. Мешіт құрылымдық шешімі, композициясы мен салу технологиясы бойынша өткен ғасырлардағы дәстүрлі құрылыстарға ұқсамайды», - дейді сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, "Парасат" ордені мен "Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері Мақсұт Сұлтанұлы. Қазан төңкерісі алдында ғана басталған мешіт құрылысы кеңес өкіметінің саясаты салдарынан толық аяқталмаған, төбесі шала біткен. 1928 жылы мешітті салдырушы Қосбай Ауғанстанға кетті, ал мешітті салған шебер Қапаш 1938 жылы ұсталып, атылды. Кейін мешіт үйі жүн жинайтын қоймаға айналып, ақыр аяғында мүлдем иесіз қалды. 1982 жылы мешіт ерекше салынған сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттің қорғауына алынды. 2003 жылы оның тек қабырғалары ғана қалпына келтірілді, төбесі қаржы тапшылығынан ашық күйінде қалған.
Суреттерді ұсынған сәулетші Мақсұт Нұрқабаев