Түпқараған аудандық «Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебі» МКҚК 2016 жылы ауданымыздың барлық бөлімшелерде 40-тан астам домбыра сыныбына қатысып жүрген оқушылардан домбыра ансамблін құрды. «Ақкетік өрендері» домбырашылар ансамблі Форт-Шевченко қаласында орналасқан өнер мектебінің шәкірттерінен құралған. Жетекшілері домбыра сыныбының оқытушылары – С.Сабитова, Ш.Кұрмантаева.
«Ақкетік өрендері» ансамблі қай сайыстан да жүлдесіз оралмаған. Биыл олардың жұлдызды сәтті туды десе де болғандай. 2018 жылдың 4-қаңтары күні Алматы қаласында өткен «Алматыдағы қысқы ертегі-2018» республикалық фестиваль-байқау, 26-27 қаңтар күндері Ақтөбе қаласында өткен «Жас талант.kz» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының І республикалық байқау-фестивалі, 18-ақпан күні Ақтау қаласында өткен «Қазақстан таланттары» І республикалық рухани-патриоттық байқауларына қатысып, бас жүлдемен оралды. Осындай жетістіктерімен түпқарағандықтарды тамсандырып жүрген өрендер түркі халықтарының Алматы мәдениет қорының директоры Дариға Ескендірқызының шақыруымен 2018 жылдың 18-24 сәуір күндері аралығында Түркия елінің Болу қаласында Балаларды қорғау күніне орай өтетін халықаралық фестивальге қатысады. Осыған орай өнер байқауына шетелге аттанғалы тұрған Түпқарағандық өнерпаздарға «Ақ жол» тілемек ниетте аудан әкімі Т.Асауов өнерпаздарды, ұстаздарды және ата-аналарды қабылдады. Шараға қатысушылар қазақ өнерін Түркия еліне паш еткелі отырған өнер мектебі оқушыларына сәт-сапар тіледі. Соңында өнерпаздар Құрманғазының «Балбырауын», Р.Бейсенұлы «Қолбасшы» күйлерін орындады. Өнер ұжымына үлкен үміт артып, сәттілік тілейміз!
Жадыра ЖОЛДАСОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Әлеуметтік желідегі әрекеті үшін мемлекеттік қызметшіге сөгіс жарияланды