"Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын күрделі, орасан қажыр қайрат пен ерлік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл", - деп Елбасы айтқан болатын.
Аймақтағы қуыршақ театры биыл Қазақстан театр қайраткерлерінің ассоциациясының жас мүшелерінің бірі болып кірген болатын. Алғашқы нәтижесі де жемісін беріп үлгеріпті. Бізден сүйінші сұрап театр басшысы хабарласқан еді. Біз де жағымды хабарды есіте сала, анық қанығын білуге асықтық.
- Театрға жұмысқа келген Айдана Ерғалиева аз уақыт ішінде өзін актриса ретінде көрсете білді. Ол келгеннен ұжыммен етене араласып, бұрыннан таныс іспетті сіңісіп кетті. Маңғыстауды жатсынбай, «ә» дегеннен бауыр басып үлгерді. Келе сала басты рольдер мен алдыңғы кейіпкерлерді ойнады. Өзінің образын тауып, төселіп алды, - дейді театр басшысы Фарида Момбекқызы.
Басшы Айдананың таланты мен еңбегін байқап, жан-жақты көрсін, жұмысына деген құлшынысы арта түссін деген мақсатпен ойланбастан театр күніне орай театр қайраткерлері ассоциациясы ұйымдастырған «Сахнагер-2018» марапатының «Үміт» номинациясына ұсынады.
Айдана Ерғалиева – Орал өңірінің қызы. Мектеп қабырғасында өте жақсы оқып, мектепті тәмамдап 19 жасында арман қуып әсем қала Астанаға келеді. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті атану арманы орындалып, аталған білім ошағының Қуыршақ мамандығы бойынша білім алады. Көп ізденіп, студент шағында да қатар құрбыларының алды бола білген бойжеткен өзін өнерден табады.
Әрбір түлектің оқуды аяқтап, жаңа өмірге аяқ басар шағында студент алдында қайда, қалай жұмыс істеймін деген сұрақ тұрары анық.
Айдана да оқуын тәмамдап, осы сұрақ мазалап жүргенде, бағытын ішкі сезімін ой елегінен өткізіп, Маңғыстауға ат басын бұрады. Неге Маңғыстауды таңдадың деген сұрағымызға кейіпкеріміз былай деп жауап берді:
- Қайда барып жұмыс істеймін дегенде бірден Ақтауды таңдадым. Себебі білім алып университет қабырғасында жүргенімде аталған қала жөнінде, онда жастарға мүмкіндіктің көп екенін естідім. Барып неге көрмеске деп ойландым. Алға қойған мақсаттарым мен армандарым Маңғыстауға еріксіз жетеледі, - дейді бойжеткен.
Теңіз жағалауында орналасқан қалаға алғаш келуі де осы еді. Бұған дейін көрмеген қалаға жұмыс жасауға келе жатқан жас маманның көкірегінде қорқыныштан гөрі қуаныш басым болғандығын байқадық. Жаңа қадамға деген қызығушылық, мамандығына деген құлшынысы Астанадан Ақтауға алып келеді. Театрға келіп, ұжыммен танысып, жұмысты бастап кетеді.
- Ұжымда бірнеше номинация алған актер бар. Білмегенімді үйретіп, қолдау көрсетіп келеді. Көптеген спектакльдерде ойнап, абыроймен атқарып келемін. Қазір спектакльдерге дайындық үстіндеміз, - дейді Айдана.
Жас болса да ізденіспен білімге құштар бойжеткен жақында Алматыға арнайы барып қайтты. Айдана Театр қайраткерлері ассоциациясы ұйымдастырған басқосу жайында бізге кеңінен баяндап берді.
- Байқауға барғаным ұжымның арқасы деп білемін. Мен үшін «Үміт» номинациясын алу жақсылықтың бастауы. Байқауда театр майталмандары мен ұлы тұлғалар, бір қазанда қайнап жатқан өнердің нағыз актерлері болды. Жігер, жалын жұмысыма деген қызығушылығым да арта түсті, - дейді кейіпкеріміз.
Өнердің қазаны қайнаған ортаға барып, қуанышпен оралған бойжеткен алған әсерлерімен шынайы бөлісті. Кейіпкеріміз өнер әлеміне деген қызығушылығы мен құштарлығын жасыра алмады. Ойнап жүрген рөльдері жайлы әңгімелеп беруін сұранып едік, Айдана былай деп жауап берді:
- Бекболат Пармановтың «Алаңқайдағы цирк» деген спектаклі менің театрдағы ең бірінші бастамам болды. Алғаш жұмыс жасауды бастағанда қобалжып, уайымдадым. Маған қарғаның рөлі берілді. Әрбір адаммен сөйлесіп, жұмыс жасаған сайын әр нәрсені үйренесің. Қазір Машаның ролінде ойнап жүрмін. Балалар қуанып, күлген кезде біздің төбеміз көкке жетеді. Надежда Николаевнаның «Сиқырлы сандық» спектаклінде екі кейіпкер ғана сомдалады. Әрбір қуыршақтың ішіне еніп, олардың қимылы мен дауысын саласың. Тез құбылып, түрлі кейіпте ойнайсың. Кемпірден шалға, шалдан-кемпірге. Қыздан-бәйбішеге деген сияқты. Характеріңді жан-жақты аша алатын керемет спектакль. Онда тек қана сызылып қыздың ролін ойнамайсың, ұры да бола бересің.
«Аққалалар оқиғасы» деген спектакльде де ойнаймын. «Аққалалар» өздерін өзгелер үшін құрбан етеді. Қойылымды көрген бала ойланып, ерекше әсерге бөленеді. Балалармен жұмыс жасап жүріп, өзің бала болып кетесің. Баламен жұмыс жасаған адам ешқашан қартаймайды деп ұстазым айтушы еді, - дейді Айдана.
Байқауға республиканың барлық аймағынан келген өнерпаздар көптеп жиналды. Әр актер өз еңбегімен талантына сай марапатталып жатты. Марапаттап болған соң арнайы дастарханға шақырды. Асанәлі Әшімов бастаған театр тарландарымен дастархандас болдық. Театр әлемінде шыңдалып, мақсаттарыма жету үшін талмай еңбек етемін дейді, - ізденімпаз жас маман.
Айдана өнер тарландарының оған артқан үміті мен "Үміттің" жауапкершілігін сезініп, түсінеді. Сәттілік тілейміз.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН