Қазақ «Қуыршақ» театры ұлттық ойындардан бастау алған деседі. Бала кездегі «Ортеке» есіңізде ме? Сол «Ортеке» - сөзіміздің дәлелі. Ағаштан жонылып жасалған киік немесе ат мүсіншесін сылдырмақтап жіп тағып, домбыра тартқанда жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билететін болған. Елімізде «Қуыршақ» театрлары өз алдына отау тігіп, әр қалада жұмыс атқарып жатыр. Періштедей пәк әлемнің кейіпкерлерін көрсету оңай дүние емес. Қуыршақтар арқылы сахналық ойын көрсететін өнер саласы көп ізденіспен өнерге деген махаббатты талап етеді. Балаға қатысты нәрсеге ерекше ұқыптылық пен мұнтаздай тазалық керек емес пе? Осыны зерттемекке Маңғыстау облыстық Қуыршақтар театрының тыныс-тіршілігімен танысып қайтуға ат басын бұрған болатынбыз. Театр жақында Ресейге жол тартпақ. Осы және де басқа сұрақтарымызға жауап алуға театрға беттеген бойымыз сол еді, театр басшысы өзі қарсы алды. Өнердің иісі аңқыған мекенде әңгімемізді өрбіттік. Іргетасының қаланғанына 37 жыл толып отырған өнер ұжымы 37-ші маусымын ашқан. Театрдың қоржынында классика мен ересектер және кішкентай бүлдіршіндерге арналған спектакльдерді тізбекке тізсек бас-аяғы 90-ға жуық қойылымдар көрермендер жүрегіне жол тартыпты. Сөрелерде тізілген Алғыс хаттар мен марапаттар аталған қойылымдардың, соның ішінде ұжымның еңбегі мен жемісінің айғағы. Мұнда тіпті жүлделер көбейгендіктен, оларға арнап театр ішінен мұражай да ашылыпты. Ұжым балабақша бүлдіршіндері және мектеп оқушыларымен тығыз байланыста. Әрқашан қойылымдардың қашан қойылатыны, нендей жаңалықтар бар екеніне қызығушылық танытатын тұрақты көрерменге де бай болып шықты. Фарида Момбекқызы Оңтүстіктің тумасы. Ол Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде қуыршақ бөлімін бітіріп, 1988 жылы жас әртіс еңбек жолын Маңғыстау облыстық қуыршақ театрынан бастайды. Театрдың ашылғанына небәрі 5 жыл толған шағы. Аталған ұжымның қоржынында спектакль саны аз, болса да орыс тілінде. Бірақ, сол орыс тілдегі қойылымдарды көз майын тамызып аударып, қазақ тілінде аталған театрда қуыршақты алғаш қазақша сөйлеткен ару - Фарида еді. Он бес жылын актерлық саласына арнап, театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Өзі әртіс болып жұмыс жасаған ұжымда басшы болып театрдың тізгінін ұстайды. - Театрға алғаш келген жылдары оңай болмады. Айлықтың уакытылы берілмеуі, қойылымдардың аздығы әрқайсымыздың жанымызға батты. Кейбіреулер басқа салаға бас бұрып, кетіп те қалды дейді кейіпкеріміз. Иә, ол театрда қалып еңбегін жалғастыра береді. Бұл өнердің киесі болса керек. Аймақтың Мәдениет басқармасы үнемі қолдап, басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, өзгенің өнерін көріп, әртістер шыңдалып тұратынын тілге тиек етті. Театр жаңа қойылымдармен толықтырылып, арнайы костюмдер жаңартылып тұрады. Тағы мақтанып айтуымызға болатын жайт, ол еліміз бойынша қуыршаққа арналған сахна аталған театрда ғана бар. Театр сахнасында атаулы мерекелерге жоспарлы түрде дайындалып, қойылымдар қойылады. Дегенмен де өнер әлемінде проблема да жоқ еместігін байқадық. Мұнда кадр жағы аяқтан ақсап тұрған секілді. Мықты режиссерлер мен сценаристер жоқтың қасы. Ол бір ғана «Қуыршақ» театрының проблемасы емес, ол барлық театрға тиесілі мәселе. Бұл мәселеге басшының да базынасы бар. - Қуыршақ өнерін көпшілік түсіне бермейді. Қиын өнер түрі. Драма немесе музыка театрына жұртшылық қызығып барып жатады. Ал қуыршақ театры десе жеңіл- желпі қарайды. Жаныма бататына да осы дейді. Неге десеңіз қуыршақ театры театрдың іргетасы. Мектеп жасына дейінгі балабақшадағы балаларға мәдени және рухани қызмет көрсететін ұжым. Атырау облысында «Маңғыстау мәдениет күндері» аталып өткен болатын. Алыс шалғай жатқан елді мекендерді ұжыммен араладық. Сол сапарда бір ауылға бардық. Мәдениет үйінің басшысы жас жігіт екен. Әлгі жігіт өнер адамы, сол жердің тумасы. Біздің қойылымдарды көріп аң-таң болды. Сөйтсе ол жігіт өмірінде қуыршақ театрын көрмеген болып шықты деп,- өткенді күліп еске алды Фарида. Ата-аналарымыз балаларды қуыршақ театрына апару міндетті емес деп ойлайды. Тіпті кейде баз біреулер бізде қуыршақ театры барма? деп таңданыс білдіргенде қарның ашары анық. Тіпті кішкентай бүлдіршіндерге арналған жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі қойылымдар бар. Жақсы материал тауып, оны сахналау қиын. Бұл тығырықтан да біз 20-30 жылдық тәжірибесі бар кәсіби әртіске толы ұжым болғандықтан, жолымыз болып, көп жағдайда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатамыз. Сценариді бірлесіп жазып, қоюға мәжбүрміз. 6-7 жыл бұрын Сәкен Жүнісовтің «Соқпақ» повесі соның желісінде «Адамдар құстар» атты спектаклді Астанадағы Горький театрының бас режиссері Бекболат Қармановты шақыртып, қойдырған болатынбыз. Сол повесть желісінде қуыршақ театрына ыңғайландырып сценариін өзі жазып, әжептеуір дүние шыққан болатын. Спектаклді ұялмай, кез-келген үлкен сахналарда паш ете аламыз. Астана қаласында өткен «Ортеке» фестивалінде аталған туынды бас жүлдені қанжығаға байлады. Кәсіби және үлкен сахналарда көрсететін қойылымдарды табу қиын. Сол себепті Отыншы Көшбайдың Ақшорамен Белтұраның пьесасын сахналадық. Ол үшін көп тер төктік. Бұл да сәтті шықты. Аталған спектакльді Шымкент қаласында өткен Тәуелсіздіктің-25 жылдығында арналған фестивальде сахналап, жоғары бағаға ие болдық . Фестивальде театрдың асығы алшысынан түсіп, тағы бір жетістікке қол жеткізеді. Жоспарлар көп, Қозы Көрпеш Баян Сұлуды театрда қоюды алдағы күннің еншісіне қалдырдық. Негізінде 7-8 мемлекеттің басын қосатын өнердің ортасы фестивальге бару бізге шабыт береді, шыңдала түсеміз дейді,-біздің бірнеше сұрағымды бірден қамтыған театр басшысы. Ресей, Қырғызстан, Украина тағы да шет елдерде әр екі жыл сайын фестивальдер өтіп тұрады. Онда Белорусия, Грузия Түркменстан кіл өнердің қаймақтары жиналған жерде театр еш құр алақан қайтқан емес, әрі жауапкершілікті әсте түсінеді. Жан-жақтан келіп, түрлі қойылым көрсететін сахна майданында көштен қалмай келе жатқан өнер ошағы. Театрдың суретшісімен режиссері жоғы қынжылтады. Қуыршақ театрына арнайы суретші мамандықты ешбір оқу орны дайындамайды. 70-80 жылдары Ресейде аталған мамандарды оқытқан. Бізден барып оқығандар да болды. Ол кісілер қазір зейнеткерлер. Қазақстан бойынша 9 театр бар. Көбісі драмалық театрлардың ішінен ашылған. Бірде-бірінде кәсіби режиссер жоқ. Атырау, Ақтөбе Көкшетауда қуыршақ театры болмағандықтан, сұраныс бар. Аталған қалаларға барып, өнер көрсету біз үшін жыл сайынғы дәстүрге айналған. Түрлі фестивальге бүкіл Қазақстанның атынан барамыз, сол себепті біз әлі де еңбектенуіміз керек. Көрермендер біз қойған қойылымдарды сүйсіне көріп, шақырулар беріп жатады. Қырғызстанға барғанымызда «Тактеке» деп аталатын Халықаралық қуыршақтар театрының фестивальіне қатысып, сол жерде біздің спектакльді көрген театр басшылары мен сыншылар осы жылға шақыру берген болатын. Ұжымдағы 11 бір әртіс кәсібіне жауапты, шеберліктері мықты талант иелері. Екі тілді терең меңгерген. Орыс тілінде сахналаған әртістер сол қойылымды қазақша да ойнап жатады. Басқа театрларда олай емес, орыс тіліндегі әртістер бөлек қазақ тіліндегі әртістер. Біліктілік артып, тәжірибе алмасу семинарларға әртістерді үзбей жіберіп, қуыршақ әлемінің майталмандары Франция, Венгрия сияқты елдерден келген ұстаздардан дәріс алған. Қазіргі бірегей проблема қай театрда болмасын басты мәселе мөлдір пьесаларға зәру. Соған қарамастан тіршілік тірліктерін дөңгелетіп, табысқа жетіп жүрген жайлары баршылық. Театр қоржынындағы туындылар көңілден шығарлық. Қазіргі балалардың психологиясы, ойлау қабілеті мүлде басқа. Атқарған жұмыстардың басым көпшілігі шетелмен тығыз байланысып, өңіріміздің аудан, ауылдарын аралап тұрамыз. Қазіргі балаларды таң қалдыру өте қиын. Мейілінше басты назарды ұлттық өнерді жоғалтпай осыны балаларға жеткізу мақсатында тырысамыз. Спектакльдің басым көпшілігін ұлттық спектаклдерді қойдырамын. Жаңа қойылым «Айжан әженің ертегісі» екі жыл болды. Үш жастан сегіз жастағы балаларға арналған. Ұршық иіріп, алаша тоқып, ертегі айтып беретін әже жөніндегі спектакль. Ең басты мақсат балаларға ұлттық салт-дәстүрімізді ұмыттырмау. Спектакль арқылы баланың санасына ұлттық тәрбиені береміз. Аталған қойылым жоғары бағаланды. Бүлдіршіндер былай тұрсын, үлкендер де қызығушылық танытқан дүние болды. Ұжым сайысқа түсетін қарсыластары мемлекеттік деңгейдегі театр болса да, олардан қалыс қалмай алға суырылып шығып отырған. Кейде бір емес, бірнеше номинацияны алған. Қойылым қою оны сахналау оңай емес. Макеты, эскизі декарациясы, музыкасы тағысын тағы... Бірақ жасаған дүниеңнің сахнада қойылып, көрерменнің алғысын алғанда әртіс үшін одан асқан бақыт жок шығар, сірә. Ұжымның қойған әрбір қойылымы патша көңіл көрерменнің ойынан шығып, жұмысымызды жүйелеп келе жатқанына көзімізді жеткізідік дейді-басшы. Мәселе әркезде бар болатын заңдылық. Болашақта театрға қатысты мәселенің шешімі шешіліп, олқылықтың орны толарына сенеміз. Жас мамандармен толыққан ұжымның кәсіби шеберлігі артып, жан тәнімен жансыз қуыршаққа жан бітіргендерге сәтті қойылымдар тілейміз.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48594,48595,48590,48596,48591,48589,48592"]