©
Осыдан бес жыл бұрын Теңге ауылының жастарын өнерге баулып, ауылдың мәдени өмірін қалыптастыру мақсатында жұмысын бастаған «Атамұра» мәдениет үйі бес жылдық мерекесін тойлады.
Шараға ауыл әкімі Үбін Максимов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева, Теңге ауылының құрметті ақсақалы Рейімбай Жайлыбаев, басқа да өнер мекемелері басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
- 2012 жылы 29 тамызда осы мәдениет үйінің қазығы қағылып, 4 ай құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 29 желтоқсан күні пайдалануға берілді. Ал, жұмыс 2013 жылы 1 ақпанда басталып, басшылық міндет Гүлжан Жүгенбаеваға тапсырылды. Әрине, мәдениет үйін салу оңай болған жоқ. Бұл жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтардың еңбегі зор. Солардың бірі әрі бірегейі ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған марқұм Әли Жақсылық ағамыздың еңбегі орасан, - деді ауыл әкімі.
Шарада ауыл ақсақалы Р.Жайлыбаев сөз алып, үнемі жоғары деңгейде концерт өткізіп, ауыл балаларының таланттарын ашуға мүмкіндік жасап жатқан мәдениет үйінің басшына өз ризашылығын жеткізді. Қалалық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұ.Орынбаева Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева атынан Алғыс хат табыстап, сый-сияпатын ұсынды.
Мерекелік кеш «Атамұра» мәдениет үйінің қызметкерлері, ұстаздары, үйірме шәкірттері дайындаған концертке ұласты. Мария Румиянцева жетекшілік ететін облыстық, республикалық, халқаралық байқаулардың лауреаты «Шабыт» би ансамблі биден шашу шашып, Алматы қаласында өткен республикалық «Ақ көгершін» байқауының жеңімпазы Диана Қуандық пен ұстазы Көркем Қоңырбекова әсем әндерімен көрермен құлағының құрышын қандырды. «Жыр-терме» үйірмесінің жетекшісі Қармыс Разбаев пен шәкірті Нұргүл Сисен терме орындап, республикалық «Ақ көгершін» байқауының 1 орын иегері Ержан Қайратқали мен ұстазы Нұрлан Мұрынов күй тартудан жарысты. Қасиетті өнер ордасының 5 жылдық мерейтойында ән үйірмесінің жаңа жобасы, яғни «Жеті саз» тобының тұсауы кесіліп, топтық орындаудағы бірнеше әнін көрермендерге жолданды. Бұдан бөлек, вокал үйірмесінің жас өнерпаздары, көркемсөз үйірмесінің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қарсыласудан қорықпаңыз… (Жапон даналықтары)Мәдениет үйінің қызметкері Әбу Жолым әріптестеріне достық әзілдерін ұсынып, көптің көңілінен шықты. Әзілкеш, басшысы Г.Жүгенбаеваның «Джиппен» емес «Газель» көлігімен жүретін қарапайымдылығын, ән-жырдан хабары жоқ электрик Аманқос ағасының арасында ән айтам деп жұлқынған қылықтарын, ал, вахтер Роза әжесінің кілт айырғыш ерекше қасиетін, термеші Қармыс ағасының өрт сөндіруден өнерге қашқан жан екенін, көркемдік жетекші Нұрлан Мұрыновтың ұжымын алға сүйрейтін біліктілігін, диджей Бауыржан мен есепші Жадыра апайын да өлең жолдарына қосып, әрқайсының бағалауға тұрарлық қасиеттерін атап өтті. Көрермендер жылы шырай танытып, әрбір қызметкердің мейірімді, білікті, қарапайым екенін сезінді.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей 5 жылдық мерекеге құттықтап келгендердің саны аз болмады. Қатардан Теңге ауылының тұрғыны шежіреші - ақын Қаржаубай Рейімбайұлы, «Мұнайшы» мәдениет үйінің бас есепшісі Клара Қойкенова, №19 орта мектеп директоры Күләш Жүгенбаева, қалалық саз мектебінің директоры Алма Жанарысқызы, «Шаңырақ» мәдениет үйінің директоры Ахмет Мырзабекұлы, қалалық орталық кітапхана директоры Айнагүл Жұмалиева көрінді. Олар сахнаға көтеріліп, құттықтау тілектерін білдіріп, әкелген сыйлықтарын табыстады. Барша өнерпаз орындауында «Бізге бүгін 5 жыл, мерекелі кеш бұл» деген әдемі ән шырқалып, өз мәресіне жетті.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48053,48052,48054"]