©
Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» - деп, Еуразияның ең бір бай да бірегей мәдениеті – қазақ мәдениеті деген еді.
Әлем сахналарында өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің негізін қалаған өнер саңлақтары ұрпаққа үлгі. Маңғыстау ауданының мәдениет қызметкерлері ауыл мәдениетінің ақсамауына, ел мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүргеніне куә жеңісті күндер күнтізбесі бар. Өнер өлкесіне қадам басқан әрбір жастың тұсауын кесіп, томағасын түрген «Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны – тоқсан жылдық тарихы бар аудан үшін шоқтығы биік ұжым болып саналады. Ұжым мүшелерінің жыл он екі ай атқарған тынымсыз еңбектері бағаланыпта жүр. Әсіресе кәсіпорынды бірнеше жыл бойы басқарып келе жатқан, тындырымды еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті көптің көңілінен шығып жүрген Маржан Дуланованың еңбегін көпке үлгі етуге боларлық. Өнерімен, ерекше сөз мәнерімен, мәдениетімен өзгеден оқ бойы озық тұрған ауданның торқалы тойы қарсаңында өнер ордасының тіршілігімен оқырманды таныс етуді жөн көрдік.
Тума таланттардың тал бесігі саналатын киелі Маңғыстау өнерлі ұл-қызға кенде емес. Біздің ауданнан шық қан өнерпаздардың ішінде алыс жақын жерлерді талантымен таңдай қақтырып жүргендері баршылық. Аудан мәдениетінің ортақ ошағы, «Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарасты мәдениет ошақтарында 73 құрылымда 1258 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде елді ән-күйімен, өнерімен баурап жүрген 13 халықтық ұжымды атап өтпеуге болмас. Маңғыстау аудандық халық театры, Жармыш халық театры, Шайыр халық театры, «Отпан» халықтық фольклорлық ансамблі, «Жастар» халықтық ән-би ансамблі, «Таңшолпан» халықтық би ұжымы, «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблі, «Ұлт-аспаптар оркестрі», «Хор» ұжымы, Жыңғылды драма ұжымы, Онды драма ұжымы, «Кербез» би ұжымы, «Қызғалдақ» би ұжымдары бүгінгі таңда өз өнер жолдарын қалыптастырып үлгерді.
Кәсіпорынның алға қойған мақсаты – көркем шығармашылықтың жаңа түрлерін енгізе отырып, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, салт-дәстүрді және өнерді насихаттап, жандандыру жұмыстарын жүргізу, әр түрлі жанрлар бойынша фестивальдер, байқаулар өткізе отырып өнер шеберлерінің талантын шыңдау болып табылады. Осы айтылған міндеттің барлығының орындалуына атсалысып жүрген, ауданымыздың мәдениет саласында жетістікке жетуіне сүбелі үлестері бар 1 аудандық, 7 селолық мәдениет үйі, 4 селолық клуб халыққа қызмет көрсетуде.
Әр атқарылған істің астарында қаншама адамның еңбегі жататыны белгілі. Әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, онда қаншама адамның қажыр қайраты, маңдай тері, ынта жігері, қолтаңбасы бар десеңізші! Өнерпаздардың сахналық костюмдері мен өнері үйлесім тауып, халықтың көңілінен шығуда, еткен еңбек ақталып, абыройлары артпаса, азайған емес. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, қошеметке ие болғаннан артық бақыт бар ма?! Әр сайыстан ауданның абырой туын асқақтатып келсе, қуанышымыз еселеп жатады. Сондай көңіл көкжиегін көкке көтерген жеңістерімізді санамаласақ, Алматы қаласында өткен Ғұмырдария «Асыл Мұра» халықтық дәстүрлі ән және аспапта орындаушылардың ІХ Республикалық ән-би балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауының «Би» номинациясы бойынша «Таңшолпан» халықтық би ансамблі және «Нұр-Шах» би ансамбльдері бас жүлдеге ие болды. Атырау қаласында болған «Алмалы» халықаралық балалар өнер фестивалінен «Нұр-Шах» би ансамблі І орынды иеленіп келді.
Маңғыстау аудандық халық театрының тұңғыш, кәсіби режиссері, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері «Нұритден Мұхамбетжанов атындағы» аудандық театр мен драма ұжымдарының арасында байқауға Шайыр, Жармыш халық театры, Жыңғылды, Онды, Үштаған драма ұжымының өнері көрерменнің қошеметіне ие болды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық ән-би «Айгөлек» байқауына қатысқан балалардың өнері тіптен ерек.
Дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық өнер фестивалінде біздің өнерпаздарымыз бірнеше мәрте бас жүлдені қанжығамызға байлады. Былтыр өткен Х «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінде де аудан өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін І орынға ие болды. Жеке және ұжымдық номинациялар бойынша «Клуб мекемелерінің материалдық техникалық базасы» номинациясы бойынша І орын, классика жанры бойынша «Хор» ұжымы І орын, «аспаптық, халықтық музыка» жанры бойынша дуэт, трио, квартет және вокалды ансамбльдер қатысып, «Маңғыстау квартеті» ІІ, «Көркемсөз» номинациясы бойынша А.Әбдеш ІІ, Ы.Таңатарұлы ІІІ, «Үздік әдіскер» байқауы бойынша Жыңғылды селолық мәдениет үйінің әдіскері Л.Садуова ІІ, Үштаған селолық мәдениет үйінің әдіскері К.Нармұханбетова ІІІ орынмен марапатталды.Түпқараған ауданында өткен ІІ облыстық «Би ырғағында біргеміз» балалар мен жасөспірімдер арасында өткен байқауға «Нұр-Шах» би ансамблі қатысып, ІІ орынға ие болды.
Еліміз үшін маңызы зор «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Маңғыстау облысының өнер күндерінде «Отпан» халықтық фольклорлық ансамблі мен «Таңшолпан» халықтық би ансамблі және жекелеген өнерпаздар өнер көрсетіп қайтты. Өнерпаздарға қолдау ретінде жергілікті бюджеттен халықтық «Отпан» фольклорлық ансамблінің өнерпаздарына 6 млн. теңге қаржы бөлініп, сахна костюмдері тігілді. Қазақы нақышта, ою-өрнекпен тігілген ұлттық киім астаналықтардың таңданысын туғызды.
Өлке өнерінде өзіндік өрнегі бар, жылдар бойғы еңбегімен аудан мәдениетінің мәйегіне айналған қос халықтық ұжым «Отпан» фольклорлық ансамбліне – 10 жыл, «Ақтілеу» әжелер ансамбліне – 15 жыл мерейтойлық концерті жоғары деңгейде өткізілді.
Өткен жылы облыстық «Есірткісіз есті әлем» драма ұжымдарының байқауын да Жыңғылды драма ұжымы ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ «қазақтың кемеңгері, әлемнің Әбіші» Әбіш Кекілбаевтың туған күніне орай өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби кеші ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы Ә.Жұмағалиевтің 70 жасқа толуына және мәдениет саласына 50 жыл еңбек еткеніне арналған «Өнерімен өрнектелген өмір» шығармашылық кешінде халықтың алған әсері қошеметінен көрінді. Кеш бойы жанды дауыста ән шырқаған өнерпаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қызметкерлер арасында тәжірибе алмасу, біліктіліктерін дамыту мақсатында түрлі семинар-тренингтер ұйымдастыру да күн тәртібінен түскен емес. Маңғыстау аудандық «Әдістемелік жұмыстарының жаңа форматтары», «Клуб мекемелері жүйесінде әдістемелік өнімдерді әзірлеу жөнінде нұсқаулар» тақырыбы бойынша сурет шебері М.Есеновтың ұйымдастырған мастеркласы өте жақсы деген баға алды.
Міне осындай үлкен ұжым бір кісідей жұмыла жұмыс істеп, талай белесті бағындырды. Еткен еңбектің еленбей қалмайтыныны белгілі, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік кәсіпорыны» атағына ие болды.
Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы мәдениетімізде. Аудандық мәдениет саласының майталмандарының жұмыс жасау қарқыны алдағы уақытта да осындай болса, әлі талай додалы байқау мен сайыстар, мәнді, мағыналы әдеби сазды кештер мен кездесулердің куәсі болатынымызға сенімдіміз.
Айгүл РАХМЕТОВА
Тағы оқыңыз: Басқұдықтағы мәселе: электр тасымалдау қымбат па?