Жақында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында Шамғон Қажығалиев атындағы ІІІ республикалық дирижерлер конкурсы өтті. Байқауға қатысқан М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның дирижері Әлібек Мұратов дарынды дирижерлер арасынан топ жарып, өлке мерейін асырды.
Қазақтың алғашқы кәсіби дирижері – Шамғон Қажығалиевтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда рес публикамыздың түкпіртүкпірінен жиналған 10-ға жуық дирижер бағын сынады. Дарын-қабілеттерін шыңдап, өнер өрісінде еркін жүзетін өнерпаздар конкурстың 2 кезеңінен өтті. Киелі Маңғыстаудың абыройын асқақтатуды көздеген М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның дирижері Әлібек Мұратовтың өнерге деген құштарлығы, еңбекқорлығы мен шеберлігі арқасында бұл өнер додасында жұлдызы жанды.
– Байқаудың І кезеңінде әйгілі Шамғон Қажығалиевтің қазақ оркестріне лайықтап жазған шығармалары жасырынған билеттерді суырдық. Маған әлемге танымал «РомеоДжульетта» пьесасының вальсі, Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі түсті. Сондай-ақ өзімнің өнердегі ұстазым, Маңғыстаудың мақтанышы – Рахат Мадреевтің «Айтшахан» күйін, Еркін Нұрымбетовтің «Батыр баба Ерқосай» шығармасын орындадық. Маңғыстау өлкесінің ерекшелігін, мәдениеті мен өнерін паш еткіміз келді. Сол үшін байқауда күй дүлділі Есір Айшуақұлының «Тоғыз түйеші» күйін де таңдадық, – деді бас жүлдені қанжығасына байлаған Әлібек Мұратов.
Жеңімпаз дирижердің айтуынша, әділқазылар қатарында елге белгілі дирижерлер, өнер қайраткерлері болды: Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы қа зақ оркестрінің бас дирижері Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шамғон Қажығалиев атындағы І республикалық дирижерлер байқауының лауреаты Жалғасбек Бегендіков, Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің бас дирижері Рахат Мадреев, талантты дирижерлер Арман Жүдебаев, Еркін Нұрымбетовтер қатысушылардың өнерін бағалады.
Тағы оқыңыздар: Журналистер өрт сөндіру қызметінде– Бұл белгілі дирижерлер арқасында өнерімізді өсіруге мүмкіндік алдық. Тәжірибе жинақтап, кәсіби білімімізді шыңдадық. Дирижер әрбір шығарманың тарихын жете білуі тиіс. Дирижер – оркестрдің тізгінін ұстайтын, басқаратын адам. Олар өте тәжірибелі, оркестрде отырған 100 өнерпазды басқара алатын білімді болуы қажет, – деп ақтарыла сөйледі дирижер.
Әлібек Қанатқалиұлы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында оқытушы Зәмзәгүл Ізмұратованың класында домбыра прима мамандығы бойынша оқыған. Республикалық М.Төлебаев, Р.Ғабдиев, Б.Ырзаханов, С.Құсайынов атындағы дирижерлер конкурстарының лауреаты атанған.
Ханым ҚУАТ