© Gov.kz
Қазақстанда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрберген Мамутов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, жаңа заңнамадағы өзгерістердің бірі – соттың шешімі бойынша тұтынушылардың пайдасына берілетін айыппұл түріндегі азаматтық құқықтық жауапкершілік.
- Біріншіден, жаңа заң жобасының 54-бабында кәсіпкер сотқа дейін тұтынушының заңды талаптарын қанағаттандырмаса, сот арқылы тұтынушының пайдасына айыппұл салу көзделген. Сот арқылы өндірілген айыппұл сомасы сотта өзінің заңды тұтынушылық құқықтарын қорғаған тұтынушының пайдасы ретінде есептелінеді. Тауардың құны төмен болған кезде айыппұл пайызы жоғары, яғни, 10-нан 50%- ға дейін болатынын атап өткен жөн, - деді Нұрберген Мамутов.
Сондай-ақ брифингте «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы Никар Рафикова әкімшілік орган жария құқықтардың бұзылғаны туралы ұжымдық шағымдар түскен жағдайда ғана араласа алатынын атап өтті.
- Тауардың құны жоғары болған кезде айыппұл пайызы 10% - дан төмен болады. Бұл 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейінгі мөлшерде тұтынушының пайдасына өндіріп алынатын айыппұл сомасының диапазонын ұстау үшін қажет, - деді Никар Рафикова.
Егер тұтынушылар құқығын қорғау бойынша қандай да бір мәселе туындаса тұрғындар 8 (7292)431434 нөмеріне хабарласа алады.